Қазақстандық нотариустар соғыс ардагерлері мен көпбалалы аналарға тегін қызмет көрсететін болды

Сурет vesti.kz сайтынан алынды
Сурет vesti.kz сайтынан алынды

2012 жылдың 16 қарашасынан бастап «Нотариат туралы» Заңға енгізілген өзгертулер мен түзетулер күшіне енеді. Ол бойынша, жеке нотариустардың еңбекақы төлеу жүйесінде жаңалық болады деген сөз. Яғни, бұрындары нотариалдық қызметтердің құнын нотариустардың өздері немесе нотариалдық палаталар белгілесе, енді ол қызметтердің Заң бойынша белгіленген бағасы бар.

Мұнан бөлек, Ұлы Отан Соғысына қатысушылар мен соларға теңестірілген тұлғалар, І және ІІ топтағы мүгедектер, көпбалалы аналар мен «Батыр ана» атағын алғандар, «Алтын алқа»және «Күміс алқалармен» марапатталған азаматтардың барлығы нотариалдық қызметті тегін ала-алады. Бұл санаттағыларға сондай-ақ, жан күйзелісіне ұшыраған жеке тұлғалар мен қамқоршысынан айрылған жандар және ата-анасының бірі бала күнінен мүгедек болып туылғандар жатады.

Ал қарапайым зейнеткерлер жеке нотариустың көмегін жаңа тариф бойынша, яғни мемлекет бекіткен баж бойынша төлемекші. Айта өткен жөн, бұл бағалар әдеттегі төлемдерден айтарлықтай төмен. Мәселен, бұдан былай зейнеткерлер сенімхат куәлігі үшін бұрынғы 336 теңгені емес, 162 теңге төлейді. Осыған дейін құжаттардың әр бетінің көшірмесі үшін 281 теңге төлесе, енді бар болғаны, 81 теңге қаржы шығарасыз. Ал мұрагерлік құқыққа берілетін куәлік 1618 теңге. Бұрын оны азаматтар 16 180 теңгеге алатын еді. Ұқсас бағалар сонымен бірге, жоба құжаттарын өздері дайындаған тұтынушыларға да қолданылады. Жаңа Заң жүйесінде ауыл тұрғындарының белгіленген құндарды 50 пайызға дейін арзан алуына мүмкіндіктер қарастырылған.

Мақала  tengrinews.kz сайтынан алынды.