ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенетін болсақ, Оңтүстікте оралмандар мәселесімен айналысып келген мемлекеттік мекеменің бас маманы мен бас есепшісі мемлекет қаржысын жымқырудан алдарына жан салмағанға ұқсайды.
Олар қызметттін пайдалана отырып, ҚР Үкіметінің 2006 жылдың 6 қаңтарындағы «Оралмандар мәртебесі туралы» қаулысындағы талаптарға қарамастан, Өзбекстанның алты азаматына оралман мәртебесін беріп, оларға мемлекеттен 4 831 600 теңге тиесілі деп есептеп шығарған. Ал әлгі, алты азамат Қазақстанға көшіп келмек түгілі Өзбекстан шекарасынан бері қарай өтпегенде, «оралманбыз» деп құжат тапсырмаған да болып шықты.
Сонда мемлекеттен қалай болса солай қаржыны амалын тауып ала беруге болады деп ойлаған ба? Әлде, Қазақстанның заңдарын жөнді біле бермейтін оралмандарды қалай алдасақ та еркімізде деп келген бе? Кім білсін, әйтеуір қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Айтпақшы, оралмандар мәселесімен тікелей айналысқан, қазір жойылып кеткен мемлекеттік мекеменің бұрынғы бастығы, әлеуметтік қамсыздандыру министрілігіне қарасты облыстағы бір департаментте лауазымды қызметке тұрған көрінеді. Бұрынғы қызметкерлерінің былығы шығып жатқанға ол қалай қарайды екен?