Мұғалімдер мен дәрігерлерге пәтер алуға миллион теңгеден көмек беріледі

543
Фото sputniknews.kz

Сертификатты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» ипотека рәсімдеуге қолдануға болады, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Таяуда ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалған Әсет Исекешевтің Астана әкімі болып тұрған кезінде берген сұхбатында елорданың бюджет қызметкерлеріне пәтер сатып алуға көмек көрсетілетіні айтылған.

Исекешев «Вечерняя Астана» газетіне Астана әкімдігі қалалық қызметтердің (мұғалімдер, дәрігерлер, полицейлер, өрт сөндірушілер және тағы басқа) жоғары білікті мамандарын топтастыру үшін бағдарлама әзірленгенін хабарлады.

«Міндет – бір миллион теңгенің тұрғын үй сертификаты есебінен адамдарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана сатып алуға көмектесу», —  деді Исекешев.
Болжам бойынша, аталған банкте төмен пайызбен 15 жылға ипотека рәсімдеуге болады.
«Алғашқы кезеңде он мың пәтер беріп, болашақта оны 20 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Алайда бір шарты бар – мемлекеттік құрылымдарда бес-жеті жыл жұмыс істеу керек», — деп түсіндірді Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, Астанада тоғыз мың мұғалім бар, оның бес мыңының өз баспанасы жоқ.

«Біз мектепті көптеп салып жатырмыз, таяу бес жылда бес мың білікті педагог қажет болады. Полицейлер мен дәрігерлерге қатысты жағдай да осындай», — деп атап өтті Исекешев.

Бұған дейін Әсет Исекешев әкімдік пен ұлттық компания қызметкерлерінің жалақы айырмасы қысқарғанын хабарлаған болатын.