Әскери коммисарияттарда тіркелмеген азаматтар саны көбейіп отыр. Ал биылғы жылы қарулы күштердің қатарына 6 мыңдай, өзге әскери құрамаларға тағы 8 мыңдай жасты шақыру жоспарлануда. Сондықтан, қорғаныс істер жөніндегі басқарма мамандары әскерге шақыру науқанына дайындықты ерте бастап кетті.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек елімізде отыз мыңдай адам әскери тіркеуге тұрмай жалтарып жүр. Олардың көпшілігі мектеп бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнына түсіп тұрғылықты жерін ауыстырғандар. Өйткені өзге қалада тұрақты баспанасы болмағандықтан әскери тіркеуге қайта тұра алмай қалып жатады.
Соңғы жылдары әскерге шақырылушының жалпы білім деңгейі, дене шынықтыру жағдайы, моральдық, психологиялық болмысы тексеріліп, қатаң іріктеле бастады. Енді бұдан былай әскерге алдымен жоғары білімі барлар, шетел тілін білетіндер алынады. Сонымен қатар борышын өтеушілердің денсаулығы жіті тексеріледі. Тағы бір айта кететіні бұдан былай қорғаныс министрінің арнайы жарлығы бойынша әскерге үміткер әр бір бозбала психолог пен наркологтың қарауынан өтеді. Ал әскерден себепсіз жалтарғандарға ҚР Қылмыстық кодекстің 326-бабына сәйкес іс қозғалды.
Бірақ аталған жаза осыған дейін ешкімге қолданылмапты. Оның үстіне соңғы жылдары жауынгер атануға жарайтындар біртіндеп көбейіп келеді. Әскерге бару азаматтық міндеттен бұрын, қажеттілікке айналғаны жасырын емес. Себебі мемлекеттік қызметтен дәмелілер «әскери билетсіз» қызметке қол жеткізе алмайды. Сондықтан әскерге деген сұраныс ешқашанда да азаймақ емес.