Енді жеке электр есептеуіш құралына жалғанбаған қосымша жарық ұрлықы болып саналады. Дегенмен, шымкенттіктер тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі жарықтандыру қызметінің тарифі электр таратушылардың есебінен болуы керек деп санайды.
Көпқабатты үйлердің тұрғындары подъездердегі жарықтың қайта орнатылуын талап етуде. Ал энергетиктер оны жалпы тарифке кірмейді деп отыр.
Үйіңіздің дәлізі жарық болсын десеңіз жеке есебіңізден қаржы шығарып, қосып алыңыз. Бұл жауаптылардың сөзі.
Дәулет Ыбыраев, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің коммерциялық директоры: «Мен біздің тұрғындардың бұл мәселеге өркениетті елдердегідей қарауын сұрар едім. Қанекей, көпқабатты үйлердің кіребіресіне (подъезд) электр есептеуішін орнатып, соның құнын төлеушілерді қадағалайтын адам бекітілсе. Сол кезде ғана ешқандай мәселе туындамас еді деп ойлаймын».
Дегенмен айтылған ұсынысты барлығы бірдей қабылдағысы келмейді. Мәселен, көпқабатты үйдің тұрғыны Зәуре өз подъезі жарық болуы үшін ондағы шамды өзінің жеке электр есептеуішіне қосқан. Бойжеткеннің пікірі бірнеше артық киловатт үшін төленетін ақшадан отбасының қауіпсіздігі қымбат дегенге саяды.
Кеңестік коммуналдық жүйенің ауылы енді алыс. Бірақ сол кездің өзінде сыртқы жарықтандырылу пәтер иесінің есебінен жүргізілетін. Бүгінгі күні көпқабатты үйлердің тұрғындары тек пәтер ғана емес, соған апаратын дәліздің де қожайыны. Демек, тепкішектерде сүрінбей жүргіңіз келсе енді өзіңіз қамданғаныңыз абзал.