Шымкентте облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Игорь Верьбицкий мен «Айгөлек» балалар ансамблінің жетекшісі Райхан Қаланованы құттықтады. Біздің атақты жерлестеріміз «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атақтарын еншіледі. Салтанатты сәттің бас кейіпкерлері басқосу барысында өзге де жағымды тосынсыйлардан құралақан қалған жоқ.
Гүл мен сыйлық және құттықтаулар мен ізгі ниеттердің бәрі де бүгінгі қаһармандарға. Салтанатты сәттің кейіпкерлерін жанкүйерлер жағы осылай дәріптеді.
Бейресми дәрежеде өткен мерекелік кешке облыстық филармонияның солистері мен опера және балет театрының әртістері сондай-ақ, бард жанрының майталмандары да өнер көрсетті. «Айгөлек» би тобының өнерпаздары мың бұралып, шоу көрсетсе, «Балаганчик» мектеп студиясының қызметкерлері көрерменін Чеховтың шығармасынан ұзінді көрсетумен разы етті.
Мерекелік кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерін тағы бір айрықша тосын сый күтіп тұрды. Сахна төрінде кейіпкерлеріміз Игорь Вербицкий мен Райхан Қаланованың есімдері еліміздің мәдени энциклопедиясына ендірілгені жария етілді.