«Айгөлек» би ансамблі – халықаралық байқаудың жеңімпазы

1019

Өнерлі жас жерлестеріміз жеңіспен оралды. «Айгөлек» би ансамблі Финляндиядағы INSPAIRATION халықаралық байқауынан бас жүлдені жеңіп келді. Ансамбль жетекшісі Райхан Қаланованың айтуынша, дәстүрлі өнер байқауына биыл 32 елден 300-ден астам үміткер қатысыпты.

Айгөлек би ансамблі. Биші қыздар.

 

 

Бұл сайыста жерлестеріміз 40 минуттық бағдарлама ұсынған. Оның ішінде қазақтың ұлттық биі мен «Отанға» деген арнау жыр-жолдары бар. Айтулы байқауда қазылар алқасының жоғары бағасын еншілеген «Айгөлек» би ансамблі осыдан 70 жыл бұрын құрылған. Бүгінде ұжымда 200-ден астам жас өнерпаз бар.

Айгөлек би ансамблі. Биші қыздар

 

 

Диана Абай, «Айгөлек» би ансамблінің бишісі: «Біз өте қуаныштымыз. Мұндай мәртебелі жеңісті бағындырамыз деген үміт болды, бірақ күткен жоқ едік. Енді, міне, бас бәйгені еншілеп отырмыз. Қарсыластарымыз да осал болған жоқ. Бірақ, біздің би ансамбліміздің ерекшелігі – бір қазақтың ғана емес, өзге де ұлттың билерін кәсіби тұрғыда билей аламыз. Және костюмдеріміз де ешкімдікіне ұқсамайды».

Диплом
Диплом
Диплом
Халықаралық жарыстың дипломы

Райхан Қаланова,»Айгөлек» би ансамблінің жетекшісі: «Халықаралық сайысқа 2 ай бойы дайындалдық. Үлкен еңбектің нәтижесі үлкен жеңістерді сыйлайды деген қағидамыз бар. Бізге балалар 4 жастан бастап келіп, дайындалады, сабақтарға қатысады. Барлығы да еңбекқор, жалқаулықты жаны сүймейді. Осыдан 70 жыл бұрын біздің ансамбль құрылған екен, ал менің ұжымға келгеніме 40 жылдан асты. Талай қиындықтар мен қызықты сәттерді бірге бастан өткердім. Әлі есімде, қазіргі отырған ғимарат жөнделген кезде балауыз шамдардың жарығымен дайындалдық. Жағдайымыз жасалмаса да біз еңбектенуді тоқтатқан жоқпыз. Нәтижесінде талантты шәкірттерімді көріп, көңілім тойды. Қанаттандым, олардың биікті бағындыруы үшін сүбелі үлесімді қосуым керек екенін ұқтым. Алдағы уақытта да біз еліміздің атын шетелге танытып, намысты қолдан бермейміз деген сеніммен жұмыс жасаймыз».