Өңірдің санитарлық бақылау қызметі бұл мәліметті ауызша растағанымен, ресми сұқбат беруден бас тартып отыр. «H1N1 вирусын жұқтырған» деп күдіктенген тағы бір әйел ауруханада көз жұмған. Алайда, өңірдің денсаулық сақтау саласының мамандары олардың нақты неден қайтыс болғанын айтпай отыр. Айта кетейік қазір өңірде Астанадан келген арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр.
Дене қызуы қатты көтерілген жүкті әйел Шымкенттің ауруханасына 20-қаңтарда жеткізілген. Құрсағында 4 айлық бала бар келіншек медициналық көмек көрсетілгенімен, бірнеше сағаттан соң жансақтау бөлімінде көз жұмады. Аурудың белгілеріне қарап науқас «доңыз тұмауына шалдыққан болуы мүмкін» деп қауіптенген дәрігерлер қазір науқаспен қатынаста болған 10 шақты маман қосымша тексеруге жіберіліп жатыр.
Қалдыбек Әшірханов, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ клиникасының перзентхана меңгерушісі: «H1N1 вирусы болуы мүмкін, деп әрине ешкім айта алмады. Бірақ, сондай боп қалмауы үшін науқаспен қатынаста болған дәрігерлердің бәрінің анализдерін зерттеу лабораториясына жібереміз.»
Дәл осындай жағдай Мақтаарал ауданында да тіркелген. 29 жасар жүкті келіншек тұмаудан көз жұмған. Қос келіншектің де ауруханаға түскендегі диагноздары ұсқас. Облыстық денсаулық сақтау саласының басшылары бір емес, екі ананың өмірін жалмаған «тылсым дерттің» доңыз тұмауы екенін растамай отыр. Бірақ жоққа да шығара алмады.
Ғалымжан Әбіш, ОҚО денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары: » Қазір қызметтік тексеру жүріп жатыр. Зертхана қорытындылары екі аптадан соң дайын болады. Басқа ол туралы ештеңе айта алмаймын».
Оңтүстік Қазақстан облысында «үш жүкті әйелде H1N1 вирусы анықталғанын өңірдің санитарлық қадағалау қызметінің басшылары телефонмен тілдескенімізде растаған болатын. Алайда, ресми сұқбат беруден бас тартты. Қайткенде де қазір күнгейде Астанадан келген арнайы комиссия жүкті әйелдердің өліміне не себеп болғанын анықтап жатыр.
Есесіне, еліміздің снитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінен көңіл жұбатарлық жауап алдық. Оңтүстік Қазақстан облысындағы H1N1 вирусы анықталды деген үш әйел мүлдем доңыз тұмауымен ауырмаған.
Жандарбек Бекішев, ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетітің төрағасы: » Қайталап айтайын, бiзде тұмаудың тек маусымдық штаммдары тiркелуде. ОҚО бойынша өткір респираторлық вирустық инфекциялармен ауырғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есе төмендедi. ОҚО-да екіқабат әйелдердің арасында маусымдық тұмаудың 3 оқиғасы кездесті. Олардың барлығы дер кезінде ем қабылдағанын айту керек. Қазіргі таңда олардың денсаулығы жақсы, үйлеріне қайтарылған».
Айта кетейік, доңыз тұмауы Қазақстанда осыдан үш жыл бұрын тіркелген болатын. Сондықтан, біздің елдің мамандарының қауіпті індеттің алдын алуда тәжірибесі бар.