Шымкенттіктер қаржысын алтындап сақтағанды қалайды

566

Өткен қоян жылы алтын бағасы әлемдік нарықта 30-40 пайызға қымбаттағаны белгілі. Оның лебі халықтың қалтасын қаққаны анық. Қарапайым сатып алушы Наталья Ушакова қанша қымбаттаса да алтын-күміске деген қыз-келіншектердің махаббаты бәсеңдемейді дейді.

Наталья Ушакова: «Базарды аралап, енді зергерлік дүкеніне келіп тұрмыз. Баға қымбаттап кеткен. Базар мен дүкен бірдей десе болады. Тіпті қымбат. Бірақ амал жоқ.»

Ал зергерлік салонындағылар 2012 жылы баға тұрақты болады деп сендіреді.

Эльмира Бекманова, «Қазақзергер» АҚ ШФ -ның директоры: «Былтырғы баға қазір тұрақты. Жақын күндері қымбаттау болмайды. Жаңа жылда баға аса өспейді деген экономист сарапшылардың сөзіне сенеміз.»

Ал әшекей іздеп елдің жиі барар жері – базарда сақина сатып алмақ болған Сатиради Наталья «Алтынның бағасы сәл ғана көтеріліпті. Сондықтан бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысам. Ертең қымбаттап кеткенде, қапы қалғым келмейді,»- дейді.

Наталья Сатиради, қала тұрғыны: «Менің ойымша әшекей бұйымдарға ақшаны аяп қалмау керек. Баға мен сапа да бір-біріне сәйкес.»

Ал сатушылар болса, алтын бағасы бір ай көлемінде қымбаттауы мүмкін. Қаншаға екені «коммерциялық құпия» деп отыр. Анығы сол бір айдың көлемінде алтын бағасы қымбаттамақ. Әзірше, Ресейдің алтын бұйымдарына грамына 8-10 мың, Түркияның алтыны грамына 6 мың, Италияның алтыны грамына 6-7 мың теңгеден.
Сонымен, алтынқұмарлардың құлағына алтын сырға. Баға әлі де тұрақты, бірақ қымбаттамайды деп айтуға қисын жоқ. Ұлу жылы әшекей алам деп ұтылмасаңыз болғаны.