Көліктен 2,5 миллион теңгеге жуық алтын бұйымдарын ұрлаған келіншек ұсталды

11
фото inbusiness.kz

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Lada Granta» маркалы көліктің жүргізушісі арызданды. Әйелдің айтуынша, ол көлігіне жол бойында тоқтатқан таныс әйелді мінгізген. Содан жолаушы діттеген жеріне түскен соң, жүргізуші өзінің артқы орындығында тұрған қол сөмкесінің ішінен алтын бұйымдарының жоқ екенін байқайды.

Танысынан күдіктенген жәбірленуші бірден полицейлердің көмегіне жүгінеді. Келтірілген шығын көлемі 2,5 миллион теңге жуық. Аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Күндізгі уақытта орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер жедел әрекетке кірісті. Куәлардан сұрастырып, камераларды тексеріп шықты. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол жергілікті жұмыссыз тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, 30 жастағы күдікті әйел алтындарды ломбардқа өткізіп, ірі көлемдегі ақшаны бас пайдасына жаратқан.
Қолды болған алтын бұйымдар айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.