Өткен жылы табиғат қорғау органдары облысымыздағы ұйымдар мен мекемелерде 2479 рейдтік жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 509 заң бұзушылық анықталған.
Табиғат қорғаушылар анықталған заң бұзушылықтар бойынша 509 хаттама толтырған. Оның ішінде 140 жағдай — аң аулау, 88 — орман шаруашылығы бойынша болса, 281 жағдай өзге де тәртіпсіздіктерге тиесілі. Ал оларға 3 млн. 29 мың 800 теңге көлемінде айыппұл салынса, 221 азаматтан табиғатқа келтірілген шығынды өтеу үшін 2 млн. 251 мың 400 теңге мөлшерде қаржы талап етілген. 77 хаттама соттың қарауына жіберілсе, 2 іс прокуратураға жолданған.
Ал браконьерлерден аңшылыққа арналған 15 тегіс оқпанды мылтық тәркіленген. Бір адам қылмыстық, 498-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 2011 жылы отқа оранған орман мәселесі де үлкен проблемаға айналды.
«Орманды өрт алу былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге өсті. Әсіресе Шардара, Отырар аудандары мен Боралдай орман шаруашылығында мұндай жағдай көптеп кездесті. Сондықтан жергілікті тексеру тобы бұл мәселені жергілікті әкімдіктермен біресіп шешуді қолға алуды ұсынды. Ал Шардара орман шаруашылығының дирекорына сөгіс жарияланды»-деді өз сөзінде аймақтық орман және аңшаруашылығы инспекциясының орман бөлімінің бастығы Хамит Жорабаев.
Алдағы жылы мұндай төтенше жағдайлардың орын алмауы үшін инспекция мамандары орман шаруашылығында өртке қарсы қызмет күшін нығайту үшін жаңа өрт сөндіру техникаларын сатып алып, барлық мүмкіндіктерді пайдалануға кірісіп отыр.