Жүкті әйел ауруханада көз жұмды

463
ОРВИ

Шымкенттегі жедел жәрдем ауруханасында 28 жастағы келіншектің өлімі ресми түрде расталды. Алдын ала болжам жедел респераторлық вирустық инфекция. Жыл басынан бері облысымызда мұндай дертке шалдыққан науқастардың қатары көбеюде. Олардың арасында әсіресе, жүкті әйелдер жиі тіркелген. Өткен жылы аталмыш дертпен ауырған 600-ден астам әйел белгілі болса, биыл бір тәуліктің өзінде 49 жүкті әйел мен  32 бала жедел вирустық инфекция жұқтырған.

Шымкенттегі Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына Төлеби ауданынан ауыр халде түскен 28 жасар келіншек екі тәулікке жетпей көз жұмды. Оған аудандық ауруханада алдын-ала басқа диагноз қойылған көрінеді. Ал жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлері ол диагноздың анықталмағанын айтып отыр.

Қайтыс болған жүкті әйел төртінші перзентін өмірге әкелуі керек еді. Ол ауруханаға жалпы әлсіздік пен денесінің сарғаюына байланысты келіп түскен. Жағдайы ауыр болғандықтан бірден жансақтау бөліміне жатқызылған екен.

Бүгінде облыстың денсаулық сақтау департаментінің мамандары аудан-ауылдарда тұмауға қарсы медициналық тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде бір күннің ішінде 49 жүкті әйел мен 32 сәбидің тыныс алу жолдарының жедел инфекциялық ауруын жұқтырғаны анықталды. Ал мамандар бұл әйелдердің дертінің асқынуы, олардың дер кезінде медициналық көмекке жүгінбей, өз бетінше емделуі себеп дейді.