Еліміздегі ерлер әйелдерден 11 жылға кем өмір сүреді

Еліміздегі ерлер әйелдерден 11 жылға кем өмір сүреді. Неге? Себебі, еркектердің ішімдік пен есірткіге әуестеніп, темекі тартуы, құнарсыз тамақ ішіп, денешынықтыруға мән бермеуі ерте жастан көз жұмғандардың қатарын көбейтуде. Оған жүректің ишемиялық ауруы ерлерде 3 есе, қант диабеті 6 есе жиі кездесетіндігін қосыңыз. Белсіздік, шаухат қуатсыздығы бір бөлек әңгіме. Осыдан келіп, ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10-12 жасқа төмендеп отыр. Алайда, бұл тығырықтан шығатын жол бар көрінеді.

Ерлер психологиялық тұрғыдан әлсіз және шыдамсыз болғандықтан, олардың арасындағы өлім-жітім де жоғары. Әйелдер өз сырқатымен табанды күресіп, денсаулығын мұқият қадағаласа, ерлер бұл мәселеде мұндай жауапкершілікпен мақтана алмайды. Ер адамдар дәрігер кеңесіне құлақ аспай, тексеруден өтпей, сырқаттанғанда «өзі кетеді» деп, медициналық көмекке жүгінбейді. Мұны бір деңіз. Екіншіден, бойындағы сырқатын айтып, дәрігерге баруды ар санайтын еркектер де бар. Соңғы жылдары мұны жәй ғана «қазақи менталитет» деп, барлық кемшілікті ұлттық болмысқа жауып қоя салатын әдет шығардық. Үшіншіден, ерлердің ауруға шыдап, дерттің айқын белгілеріне назар аудармауының тағы бір себебі бар. Ол кішкентайынан: «Шыда, қиналып тұрғаныңды көрсетпе, шағымданба. Сен жігітсің ғой», — деп үйреткен үлкендер тәрбиесі.

Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, медициналық көмекке жүгінген еркектердің жартысынан көбі әйелі мен туысқандарының ықпалымен немесе жағдайы қатты нашарлағанда ғана дәрігерге келеді екен. Осыған орай, тәрбие ерекшеліктері де еркектерді «өлтіреді» деуге негіз бар.

Өмір жасын қалай ұзартуға болады?

Мамандардың айтуынша, ер адам денсаулығын жіті қадағалау қажет. Бұл орайда жақын адамдарының – әйелінің, анасының, апа-қарындасының, қызының рөлі маңызды деп есептейді ерлердің денсаулығын қайтсем арттырамын деп, түнгі ұйқысын төрт бөліп жүрген еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев.

Өткен жылдың күзінде облыс орталығына келіп, «ер азаматтардың күндерін» өткізген профессор, зерттеулерді қорытындылай келе мынадай нәтиже шығарған еді. Қазақстандық ер азаматтардың денсаулығы өте нашар. Оның ішінде Оңтүстік ерлерінің үлес салмағы басым. Атап айтар болсақ, ерлер арасында эрек­тильді дисфункцияның, аденома, простатит, бүйрек тастары ауру­лары мен семіздік дерттерінің көп таралғаны мәлім болды. Сонымен қатар, табиғи заңдылықтар мен ауа-райына байланысты оңтүстік және батыс ай­мақ­тарда өмір сүретін ерлер арасында бүйрек пен бүйрек тастары секілді ауру түрлері көп таралса, солтүстік пен шығыс аймақ­тардағы салқын ауа-райының әсерінен оларда қабыну аурулары жиі кездеседі екен. Осы проблемаларды қорытындылай келе, Астанадан ерлер денсаулығын нығайтатын орталық, ал аймақтардан бөлімше ашу ісі жоспарланған еді. Арада көп уақыт өткен жоқ, орталық осы жылдың

жоспарына енді. Астана төрінде орталыққа арнап ғимарат тұрғызылуда. Ал аймақтардағы бөлімшесі республикада алғаш болып Оңтүстікте ашылды. Енді, ер азаматтардың денсаулығын түзеуге болады. Денсаулық түзелсе, өмір жасын да арттыруға болары анық.

 

Орталыққа кімдер келе алады?

 

Кез келген дертті ауыздықтап, бетін қайтару үшін әрине ауруды ерте сатысында анықтау негізгі мақсат. Сондықтан, ерлердің саулығына шек келмесін десек, диагностика мен профилактика шараларын бір жастан бастап жіберуіміз керек. Бір жасар ер баланың жыныс мүшесі мен бүйрегі білікті дәрігерлердің бақылауынан өтсе, ер жеткенге дейін алдын алуға болатын барлық кемшіліктерді жойып, толығымен дені сау азамат қалыптастыруға болады. Ал дертін дер кезінде айтпай, дендетіп алғандар үшін де шешім бар. Қолдан келген көмек көрсетіледі әрине. Тек уролог, андролог пен сексопатолог дәрігерлердің кеңесін ғана емес, жаңа орталықтан кардиолог, эндокринолог, венеролог дәрігерлердің де бақылауынан өте аласыз. Демек, ағзаның кемшілігін азайтып, қуатыңызды арттыруға, бедел кеткен «белді» қайта «жасақтап» алуға әбден болады. Ол үшін, әрқашан дәрігермен ашық сөйлесіңіз. Ұятты кабинеттің сыртында қалдырған жөн. Дәрігер алдындағы мұндай жалған ұяңдық өміріңізден артық емес. Жыныс безін жүйелі түрде тексеруден өткізіп тұру керек-ақ. Бұл жағымды әсер болмағанмен, простата қатерлі ісігі машақатынан жеңіл.

Сіз не дейсіз?

Мырзакәрім Алшынбаев ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас урологы, профессор

 — Тестостерон деңгейін тексеріңіз. Шамамен 30 жастан кейін ер адамның тестостерон гормонының деңгейі жыл сайын 1%-ға төмендеп отырады. Ал тестостеронның төмен көрсеткіші өмірлік тонус пен бұлшық ет салмағын азайтып, есте сақтау қабілеті мен зейінді нашарлатып, жүрек соғысын төмендетеді. Мұның барлығы жабығуға әкеп соқтырады. Ал одан еркек денсаулығы сыр беріп, ишемиялық ауру қаупін тудырады. Тестостерон шығынына диабетпен ауыратын адамдар көбірек ұшырайды. Өмірлік маңызды гормон жетіспеушілігін гель, пластырь, егу арқылы тез толтыруға болады. Мұның барлығын да енді Оңтүстіктің ер азаматтары білікті дәрігерлерден кеңес алып біле алады. Мұндағы дәрігерлердің біліктіліктерін де сынға салдық. Нәтиже жаман емес, кез келген ер азаматтардың дертінен айықтырып бере алатын мамандар жұмыс жасайды. Сондықтан, келіңіздер, көрініңіздер, ұзақ өмір сүріңіздер.

Шәмші Абдуллаев, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы:

 — Республикада алғаш рет біздің өңірдеарнайы орталық ашылып отырғанына қуаныштымын. Естуімізше, заманауи диагностика ауруды уақтылы анықтап, өмірді ұзартуға, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді екен. Біздің мемлекетімізде әйел мен бала денсаулығын қолдауға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар, ал ерлер денсаулығына аса мән берілмейді. Осы жағынан қарағанда бұл орталықты ашудың қаншалықты қажетті болғанын түсінуге әбден болады. Соңғы жылдары жігіттердің денсаулығы нашарлап, бала туғызатын жастарында бір-екі баламен ғана шектеліп жүргендер бар. Бар кінәні келін балаларға артатын әдетіміз бар. Олай емес, өз саулығына енжарлықпен қарайтын жігіттер кінәлі. Енді осында ұялмай келіп, бар мәселесін айтып, емделіп жатса, өзі үшін де, өзгелер үшін де баға жетпес бақыт емес пе?! Менің жасымдағы ақсақалдар да келіп, денсаулықтарын түзетуге әбден болады екен. Осыған қуанып отырмын.