Биыл Сырдария өзенінде су тасқыны болмайды. Бұл дер кезінде қолға алынған қауіпсіздік шараларының нәтижесінде болып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іссапармен келіп, дария арнасындағы ахуалмен танысқан төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Жанболат Ысмайылов осылай мәлімдеді. Өйткені бүгінгі таңда «Шардара» су қоймасы және «Көксарай» су реттегіші әлі 1 млрд. текше метр су жинауға қауқарлы.
Сыйымдылығы 3 млрд. текше метрге шақталған «Көксарай» су реттегішінде қазір 2,7 млрд текше метр су бар. Мұнан бөлек, «Шардара» су қоймасын есептесек, қос бөгеттің қазір 1 млрд тіршілік көзін қабылдауға мүмкіндігі мол. Бұл ойды «Шардара» мен «Көксарайдың» бүгінгі келбетін көруге келген Жанболат Ысмайылов түйді.
Жанболат ЫСМАЙЫЛОВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары: «Оңтүстік Қазақстан мен Қызылордада су тасқыны болмайды. Бұл, енді уәде берген емес. Апатты жағдайдан аман алып қалуға толық мүмкіндік бар. Төменгі Сырдарияға 400-300 текше метрден асырмай су жіберсек, апатты болдырмаймыз».
Вице-министр «Көксарайда» контррегулятордың жұмыс барысын тексерді. Мұнан соң, құрсауланған мұздың сеңінен сақтанудың жолдарын қарастырған жиын да өткерді. Талқыға салғаны келесідей. Тілсіз жаудан қауіп бола қалған жағдайда арнаға жіберілетін су мөлшері мейлінше азайтылатын болады.
Вице-министрдің сапары Қызылорда облысында жалғасты. Онда мамандар дарияның мұз құрсаған тұстарын зерделеп шығып, қауіпсіздік шараларын пысықтау мақсатында онда да жиын өткізген.