Үй жануарлары базары мазаны алып бітті. Шымкенттегі Кремлевская көшесінің тұрғындары арнамызға хабарласып, ресми сайт арқылы да осылай деп дабыл қаққан еді. Жабық базар маңындағы заңсыз сауда орындарында сатылып жатқан ит-құстың иісі қолқаны қабады. Оған бас қатырып жатқан не санитар мамандар жоқ, не әкімдік өкілдері мәселені анықтамайды деп жазған.
«Шырайлы шахардағы үй-жануарлары базары «базар» деген аты болмаса, ешқандай тіркеуі жоқ. Сондықтан, тазалығы мен басқасына бас қатырған ешкім жоқ»,-дейді тұрғындар.
Гүлфарида Тұрғынбаева, қала тұрғыны: «Қандай тазалық мына жерде?! Базар тарқаған соң қалатын қоқысты айтыңыз. Сата алмағандары кейде күшік-мысықтарын тастап кетеді. Үйдің подъезінде балалап, өріп жүргендері қаншама?! Жағымсыз иістен жүрегің айниды. Бұл қала емес, бір айдала сияқты».
Ит пен құстың иісі қолқаны алған сауда орнының сатушылары болса, тазалық үшін бас қатырмаймыз дейді. Ал кейбіреулері тиісті орыннан рұқсат қағазымыз бар, күнделікті ақшамызды төлеп тұрмыз деп шіренеді. «Жабық базар» әкімдігінің саудасы қайнаған, ит-мысықпен шаруасы жоқ. Бұл жер біздің аумағымызға кірмейді дегенді алға тартады.
Акбар Мирхашимов, «Жабық базар» әкімшісі: «Біз бұл сатушыларға базардан арнайы орын ұсынып та көрдік. Ешкім онда барғысы келмейді. Енді күштеп апара алмаймыз ғой ешкімді! Бұл базардың аумағы емес. Сондықтан базардан тыс жер үшін біз жауап бермейміз».
Тазалықтан жұрдай базар жайлы санитарлық қадағалау дәрігерлері де ат тонын алып қашып отыр.
Роза Аханова, Шымкент қ. санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары: «Бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Сондықтан біздің қолдан келер қайран жоқ. Негізі, мәселемен жергілікті әкімшілік айналысу керек. Біз бірлескен рейдтерге шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз».
Кремлевская және Қалдаяқов көшелері тұрғындарының мазасын алып, ретсіз саудадан көлік түгілі, адам аяқ алып жүре алмайтын базар жайында қалалық әкімдіктегілер де жауап айпады. Олар ветинспекцияға сілтеп салды. Ал олардың айтары мынау.
Беклан Әбдіхаев, Шымкент қ. аумақтық инспекциясының мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторы: «Біз заңсыз сауда орындарындағы сатушылардың қолына ешқандай қағаз берген емеспіз. Заңсыз сауда мәселесімен тек жергілікті әкімдіктер, сосын ішкі істер органдары айналысу керек».
Осылайша, әр мекеме біріне-бірі сілтеп жүргенде бұл базар қауіпті ауру ошағына айналып кетпесе игі.