Úı ANONS Түркістанда әлеуметтік нысандар саны артып келеді

Түркістанда әлеуметтік нысандар саны артып келеді

Жаңа мектеп, аурухана, спорт кешені. Түркістан облысында құрылыс қарқынды дамып келеді. Биыл өңірде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 93 нысанның құрылысына 77,3 миллиард теңге бөлінген. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 58 нысан пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда олардың жетеуі халық игілігіне тапсырылған.

 

Түркістан облысында мектеп, аурухана, мәдениет және спорт нысандарының құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар облыс тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте құрылыс саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып,  нысандардың сапасы мен тапсырылу мерзімі басты назарға алынды.

 

Қазіргі таңда облыста 13 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде тоғыз мектептің құрылысына 8,6 миллиард теңге бөлінген. Ордабасы ауданындағы үш мектеп пайдалануға берілсе, қалған алты білім ордасын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында да ірі жобалар жүзеге асуда. Мәселен, Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қоры қаржыландырып жатқан 80 орындық перзентхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталған.

 

Бұдан бөлек, мәдениет саласында 13 нысан салынып жатыр. Жетісай ауданындағы Жылы су ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, сондай-ақ Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ал спорт саласында қолға алынған 10 нысанның бірі – Сауран ауданындағы Шорнақ ауылындағы спорт кешені ел игілігіне тапсырылды.

Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы да қарқынды даму үстінде. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында 47 жоба іске асырылуда. Оның 22-сін жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Осылайша Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың саны артып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңарып келеді.

Нұргүл Жолымбетова