Күннің ыстығымен бірге өрт қаупі де артып келеді. Шымкентте жыл басынан бері құрғақ өсімдіктер мен тұрмыстық қалдықтардың жануына байланысты 50-ден астам жағдай тіркелген. Қауіптің алдын алу үшін төтенше жағдайлар қызметі қандай шаралар қабылдап жатыр? Өрт қаупі жоғары аумақтар қалай бақылануда? Рейд жұмыстары, анықталған заң бұзушылықтар және тілсіз жаудың алдын алу бағытындағы дайындық шаралары туралы келесі сюжетте.
Жыл басынан бері Шымкентте құрғақ өсімдіктер мен қоқыстың жануына қатысты 50-ден астам дерек тіркелген. Бұл туралы бүгін қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, орман-дала алқаптарында, демалыс орындарында және өрт қаупі жоғары аумақтарда 90-ға жуық рейдтік іс-шара ұйымдастырылған.
ОЛЖАС ҚЫРЫҚБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: «Рейдтік іс-шара нәтижесінде 19 тұлғаға 302 мың теңгеден аса айыппұл хаттамасы толтырылған. 2026 жылы қала аумағында орман өрті тіркелмеді. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда көрсеткіш бірдей. Қала аумағында 1 орман шаруашылығы орналасқан. Бұл Шымкент қаласы әкімдігінің балансындағы Жасыл белдеу орман шаруашылығы».
Қаладағы орман қорының жалпы аумағы 8 мың гектардан асады. Орман алқаптарын қорғау мақсатында арнайы станция, бақылау мұнарасы және екі өрт бақылау бекеті жұмыс істейді. Сонымен қатар орман шаруашылығы қажетті өрт сөндіру техникаларымен қамтамасыз етілген.
ОЛЖАС ҚЫРЫҚБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: «Негізгі проблемаларға өтетін болсақ, өрттің шығуы туралы ақпаратты дер кезінде хабарламау, рұқсатсыз қоқыс орындарының бос жатқан жерлер мен қараусыз аумақтардың болуы, құрғақ өсімдіктерді уақытылы тазарту бойынша жұмыстың төмен деңгейде болуы, өрт қауіпті кезеңде өзекті мәселелер төтенше жағдайлар комиссияның отырысында қаралды. Нәтижесінде, мүдделі органдарға тиесілі тапсырмалар берілді».
Орман-дала өрттерінің алдын алу мақсатында 500 шақырым аумақта минералдандырылған жолақтар жасалып, жер жыртылған. Өрт қауіпсіздігі саласындағы кәсіби даярлықты арттыру үшін арнайы оқудан өткен. Дала өртіне қарсы 200-ге жуық адам жұмыс істейді. 30-дан аса техника жасақталған. Жалпы өртті сөндіру үшін Бадам, Тоғыс, Ақжар және Текесу су қоймаларынан су алынады.
Дилара Иса






