Елден қашқандарды қайтара аламыз ба?

Өткен аптада қазақстандықтардың назары аяқ астынан статистика агенттігіне ауды да қалды.

Алдымен Парламентте «Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім» құжаты құпталғаны мұң екен, миллиондаған теңгені қымқырып кеткен Анар Мешімбаева ауызға іліне кетті.

 Естеріңізде болса, 2009 жылы өткізілген жалпыұлттық халық санағына ел қазынасынан бөлінген қаржыны ҚР статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева жеке басына пайдаланды деген айып тағылған-ды. Жемқор шенеунікті әне-міне «құрықтаймыз» деп жүргенде ол шетел асып, із суытып кеткен еді. Енді міне ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркельдің мәліметіне сүйенсек, миллиондаған теңгені жымқырып қашып кеткен Анар Мешімбаева Араб Әмірліктерінде жасырынып жүргенге ұқсайды. Оны ұстау үшін Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім керек. Парламентшілердің бас қатырмастан бұл келісімді құптағаны да содан. Содан дейміз-ай…осы келісімді құптау барысында халық қалулылары Қазақстанның байлығы мен қаржысын жымқырып, шетелге қашып кеткен тағы 1600 бұрынғы отандасымызды тілге тиек етті.

Осыншама шенеунік шіміркпестен елімізді тонап, ізін жасырмаққа шетелде бой тасалаған. Оның осы күнге дейін 176-сы ғана табылыпты. Масқара-ай?! (Құқық қорғаушы орган мамандарының биік мінберден «өйтіп жатырмыз», «бүйтіп жатырмыз» дегені әншейін екен ғой. Түйені түгімен жұтқандарды ұстап, жазалауға келгенде дәрменсіз екенбіз ғой әлі…)

Бас прокурордың орынбасары И.Меркель таратқан мәліметке сенсек, Араб Әмірліктерінде Мешімбаевадан бөлек, Қазақстан сотынан сытылып жүрген 7 азаматымыз бар екен. Бізден қашқандар тек Араб Әмірліктерінде жүрсе мейлі ғой?! Өзге мемлекеттерде миықтан күліп, мұртын ширатып жүргендері қаншама.

Дегенмен, қарап отырмаппыз. Меркель бүгінге дейін Арабтармен жасасқан келісім сияқты Қытаймен, Корея,Жапония, Литва, Моңғолия, Түркиямен екі-жақты келісімдеріміздің барын айтып, көңіл жұбатты. Бірақ, бізден миллиардтаған теңгені ұрлауды білгендер қайда қашу керектігін білмейді деймісіз? Біледі. Білгендіктен де Қазақстанмен келісімі жоқ елдерге, әсіресе Еуропа мемлекеттеріне бас сауғалайды. Қазірдің өзінде Ұлыбритания мен Австрияда жүрген Қазақстанның бұрынғы бірқатар шенеуніктері «білгеніңді істе» деп жатыр.

Айтпақшы…

Статистика агенттігіне елдің назары ауған тағы бір мәселе, агенттіктің қазіргі басшысы Әлихан Смайыловтың Үкімет сағатындағы мәліметтері болды. Түрлі салалар бойынша жайып салған соңғы деректері Мәжіліс депутаттарының талқысына түсті. Талқыға түскені сонша, депутат М.Тінекев «Статистика агенттігі жалақы мөлшерін бұрмалап көрсетеді» деп түйді. Әрине, агенттік басшысы өз кезегінде, ешқандай бұрмалаудың жоқтығын, қажет болса, мәліметтерді депутатпен бірлесіп, қайта тексеріп шығуға бәстесті.

Бірақ, көңілде түйткіл бар. Алыстағы Астанадағы жағдайды айтпағанның өзінде, иегіміздің астындағы кей мәліметтерге қатысты жергілікті статистика департаментінің берген ақпараты сай келмей жататыны рас. Мысалы, сол баяғы халық санағы кезінде Шымкент қаласының халқы 600 мыңға жуық деп көрсетілді. Егер тоқсаныншы жылдардың басындағы жағдай мен 2009 жылғы жағдайды салыстырып қарар болсақ, көрсеткіштердің аражігі аспан мен жердей. Бірақ, қалай санаса да Шымкенттің халқы миллионға еш жетпейді. Есесіне, қала аумағы жылдан жылға өсіп, көрші аудандардан жер телімдері қосып алынады, «Нұрсәт», «Асар», «Достық», «Жайлау», «Тараз», «Ақниет»,…қойшы әйтеуір, қала іргесінен қаптаған шағын аудандар жаңадан бой көтереді. Мұның барлығын көз көреді. Бірақ, халық саны миллионға еш жетпейді ғой, жетпейді?! Статист мамандар «жоқ, әлі миллионға жеткен жоқпыз!»,- деп қасарысады.

Бұл бір ғана халық санына қатысты мәселе. Ал, жалақы, азық-түлік бағасы, өнім көлемі, шаруашылықтар мен өндіріс ошақтары туралы мәліметті сұратып көріңізші…Жергілікті биліктің, тиісті басқармалардың беретіні басқа мәлімет, статистиканың беретіні басқа…Кімге сенеріңді білмейсің?!

Тақырыпқа тұздық: 

Орал Мұхамеджанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Заңды қалауынша бұзып, ел байлығын жымқырғандар, болмаса басқа қылмыс жасап, кейіннен теңіз жағалауына жайғасып алғандар, «ал маған, енді не істер екенсіңдер?» деп бізге шекесінен қарап, жайбарақат өмір сүріп жатқандардың саны былтырғы жылы 1600-ден асыпты. Ондайлардың ізіне түсу қандай қиындық тудырса, оларды жазалау үшін елге әкелу одан да қиын мәселе болып отыр. Сондықтан да, келісімді ратификациялау ел мүддесіне қызмет етеді деп сенеміз.

 Иоган МЕРКЕЛЬ, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Интерпол мәліметтеріне орай, Араб Әмірліктерінде қазақстандық соттан жасырынып жүрген 7 азаматтың бар екендігі мәлім болды. Олардың арасында Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы да бар. Қылмыстық іс бойынша агенттіктің бұрынғы басшысы Қазақстанға 758 миллион теңге залал келтірген. Бұл қаражат кезінде ұлттық санақты жүргізуге бөлінген болатын.

Мұхтар ТІНЕКЕЕВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

 Статистика агенттігі жалақы мөлшерін бұрмалап көрсетуде. Әңгіме регресші-кеншілер жөнінде. Қарағанды облысының Статистика комитеті тау-кен өндірісі машиналарының машинисі 87 мың, бекіткіштері 52 мың, үңгішілері 92 мың теңге жалақы алады деген мәлімет беруде. Шахтада жалақы кем дегенде 200 мың теңге! Мұндай мәліметті статистика агенттігі мүгедектерге әлуеметтік төлемді аз төлеу үшін әдейі көрсетіп отыр. Олай болса, мұндай статистика не үшін керек?!