Белгіленбеген, рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастаған адам да, оны бақыламаған маман да жауапқа тартылады. Себебі бей-берекет қоқыс тастау қоршаған ортаға ғана емес, қала тұрғындарының денсаулығына да қауіп төндіреді дейді мамандар. Ал тұрғындар ше? Қала тазалығының сақталуына қаншалықты мән береді? Сюжеттен көріңіз.
Белгіленбеген орынға қоқыс тастау жайтын қаланың әр аймағында кездестіруге болады. Жеке тұрғын үйлердің маңынан, көпқабатты тұрғын үйлердің жанынан да, тіпті кейде жаяу жүргіншілер жолына тұрмыстық қоқысты тастайтындар бар. Мамандар тұрғындар көбіне бейнебақылау камералары жоқ жерге қоқыс тастауға құмар дейді. Айталық, қалада дрон көмегімен 46 заңсыз қоқыс орны анықталған.
ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Шымкент қаласының экология мамандарымен және қала прокуратурасымен қаладағы заңсыз қоқыстар анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп, жалпы осы мониторинг арқасында 30 шақты нүкте анықталды. Негізгі қалдықтардың пайда болатын жерлері адамдар жоқ жерлерде және камералар жоқ жерлерде пайда болады».
Бей-берекет қоқыс тастағандар ғана емес, оған жол бергендер де жауапсыз қалмайды. Айталық, бұл үшін аудан әкімдерінің орынбасарлары айыппұл арқалаған. Олар олар қоқыстың уақытылы шығарылуын бақыламаған. Заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол берген. Жалпы заңсыз қоқыс орындары мен қоқыс жәшіктеріне қатысты өтініштер жиі түскенімен, тез қаралатын көрінеді.
НҰРҚОЖА САПАРБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Көп қабатты тұрғын үйлерде қоқыстардың алынбауы мәселесі жолданады. Ол үш күн уақыттың ішінде, мерзімі көрсетілген қысқа уақыт тазаланып, орындалып отырады. Одан өзге бізде жарықшамдар мәселесі бойынша және бейберекет жатқан қоқыстар болса, олар туралы немесе қандайда бір сындырып кету сол сияқты мәселелер бойынша арыздар түсіп жатады».
Экологтар қоқыс орындарының көбеюі қоршаған ортаға ғана емес, тұрғындардың денсаулығына да қауіпті дейді. Бұл мәселені ескерусіз қалдырмай, кешенді түрде шешу маңызды деп біледі.
ҒАНИ ІЗТІЛЕУОВ, ПРОФЕССОР: «Тұрмыстық қалдықтардан бастап, суды үнемдеу, содан кейін қаланың атмосфералық ауасын ластанудан сақтау деген осы үш мәселені әлі де болса, келешекте шешу керек деп ойлаймын. Арнайы аппараттар, фандоматтар қойса. Пластик бутылканы қолданғаннан кейін соны өткізсе, соған 50 теңге болса да, 60 теңге болса да қайтып беретін болса, әрине, қоқыстардың пайда болуын азайтатын болады».
Мамандар әр тұрғын өз өмірі мен қала экологиясына жаны ашып, жауапкершілік танытса ғана мәселені шешуге болады дейді. Әйтпегенде, проблема ушыға бермек.
Дилара Иса






