«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізінің облыстағы Қызылкөпір ауылының маңында қайнап жатқан жұмыс уақытында 200-ге жуық жұмысшы өткен аптада бұлқан-талқан болып, өре түрегелген. Жұмысшылардың сөзіне сенсек, «Синхайдро» компаниясының басшылығы еліміздің еңбек заңына шекесінен қарап, білгенін істеп отыр.
Демалыссыз, тәулігіне 11-12 сағат қара жұмысқа жегілетін жұмысшыларға компания өкілдері мардымды жалақы төлемеген. Жұмысшылардың келісілген 7 сағаттық жұмыс кестесіне берілетін 80 мың теңге жалақыға қолдары әзер жетсе, кестеден тыс уақытта істеген қосымша жұмыстары үшін сағатына 159 теңгені қанағат қылуда. Одан бөлек, жұмысшылардың киімдері жаңаланбайтын көрінеді. Тамақтың сапасыздығы мен қымбаттығы тағы бар.
Ауыр тірліктің астында жүрген азаматтардың айтуларына қарағанда, көліктердің сыр берген қосалқы бөлшектерін жаңалау мен артық жұмсалған жанар — жағармай үшін де жалақыдан ұсталады екен. Сонымен қоса, қытайлық компания өкілдері болмашы жерден шатақ шығарып, күннің астында тырбаңдап жүрген жергілікті азаматтарға ауыр-ауыр сөз айтуға бейім.
Жұмысшы Тоқтарбек Тұрсыновтың айтуынша, қай елде жүргенін аңдамайтын қытайлық компания басшылары жерде жатқан затты аяқпен теуіп көрсетіпті. Компанияның осындай қысымы жергілікті ұлт өкілдерінің зығырданын қайнатса керек. Осыған орай, дереу атқа қонған ОҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Жолдыбай Бабашев жалақыдан ұсталынатын қаржы тек сот шешімімен немесе жұмысшының келісімімен іске асырылуы керектігін мәлімдеген.
«Заң талабына сәйкес, түнде жұмыс атқарған уақытына әр сағатына 1,5 есе және мерзімінен тыс уақыттарға да 1,5 есе қаражат төленуі керек», — дейді ол.
Сондай-ақ, мәселенің мән-жайына үңілу үшін жергілікті және республикалық мемлекеттік органның басшылары да шұғыл жиын өткізді. «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы, Автомобиль жолдары комитеті ОҚО бойынша департаментінің өкілдері бас қосқан жиында мәлім болғандай, «Синхайдро» компаниясының жоба жетекшісі Ван Хуай «сүттен ақ, судан таза» екендігін алға тартып, аталған фактілердің бәрін жоққа шығарып отыр.
«Жұмысшылардың барлығы да арнайы киімдермен қамтамасыз етілген. Жалақылары да ресми кестеден жоғары. Ал мына ереуілді бастаған жүргізушілер. Компанияның меншігіндегі мүлікті бүлдіргені үшін олардың жалақысын кесіп тастағанымыз рас»,- деп В.Хуай уәж айтады.
Жуырда ғана қызметкерлерді жұмыстан заңсыз шығарғаны үшін компания басшыларына айыппұл салынған еді. Дегенмен, қытайлық компанияның еліміздің заңына мұрнын шүйіргені бұл бірінші рет емес.
Дархан САҚАНОВ, Автомобиль жолдары комитетінің ОҚО бойынша департаменті директорының орынбасары:
– Салаға жауапты мамандар мәселені жан-жақты тексерді. Компания өкілдері жұмысшыларға қолайлы жағдай жасамаған. Осыған байланысты «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалының басшылары қытайлық компаниямен келісімге келіп, алдағы уақытта жұмысшылардың жалақысы артатын болды. Яғни, көлік жүргізушілері мен жұмысшылардың жалақысы 10 % -ға, ал механизаторлардың еңбекақысы 20 % -ға өседі.