Өз кәсібін бастауға ниетті азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. 24 маусымнан бастап жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады. Business.enbek.kz порталы арқылы берілетін грант көлемі – 1 миллион 730 мың теңге. Конкурсқа кімдер қатыса алады?
Қайтарымсыз грант қолдау кәсіпкерлікті дамытуға, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға және халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Грант әр азаматқа бір рет қана беріледі. Мамандардың айтуларынша, несиеге ұрынып, төлей алмай жүргендер гранттан қағылады.
ГҮЛВИРА ДАУЖАНОВА, БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Сонымен қатар негізігі талабымыздың бірі, мемлекет тарапынан басқа да субсидияланатын жұмыс орындары болмауы керек. Жасап жатқан азаматтар қатыса алмайды. Берешегі бар, қарыздары бар, кредиттерін төлей алмай жүрген азаматтар қатыса алмайды. Кәмелет жасына толған азаматтардан бастап, зейнет жасына дейін жұмыссыз болса қатыса алады. Биылғы жоспар бойынша 400 азаматқа грант беру жоспарланған. Бірінші легі бойынша осы жылдың 24 маусымынан бастап 8 шілде аралығында болады».
Үміткер мына санаттардың біріне жатуы тиіс: мүгедектігі бар адамдар, қандастар, қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар немесе олардың жұбайлары, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған тұлғалар немесе олардың жұбайлары, асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Айта кетер маңызды талаптардың бірі, үміткердің соңғы үш жыл ішінде алынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту сертификатының болуы. Іріктеу барысында бизнес-идеясының өміршеңдігі, қаржылық негізділігі, даму әлеуеті және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі ескеріледі. Өтінім қабылдау толықтай электронды форматта жүргізіледі. Қатысушылар порталға тіркеліп, бизнес-жоспарын жүктеп, өтінімді электронды цифрлық қолтаңба арқылы растауы қажет. Естеріңізге сала кетейік, грант қаражатын несие жабуға, тұрғын үй немесе жер сатып алуға, шетел валютасы мен цифрлық активтер алуға және заңмен тыйым салынған өзге де мақсаттарға жұмсауға рұқсат етілмейді.
Бұл конкурсқа жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар мен жеке кәсіпкер ретінде қызметін бастағанына бір жылдан аспаған тұрғындар қатыса алады. Жоба аясында қатысушылар өздерінің бизнес-идеяларын ұсынып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Мамандардың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіп, халықты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету. Сондықтан ұйымдастырушылар талаптарға сай келетін азаматтарды конкурсқа белсенді қатысуға шақырады.
Нұргүл Жолымбетова






