«Қазмедприбор» өндіріс көлемін ұлғайтады

412

Енді шетелден жедел-жәрдем көліктерін алмайтын болдық. Отандық өндірушілер Шымкенттік «Казмедприбор» ЖШС-і мен Қостанайдағы «Агромашхолдинг» АҚ-ы жақында бірлесе жұмыс жасау мақсатында өзара келісімге қол қойды. Бұл жоба елбасының транспорттық медицинаны мен шұғыл жәрдем көмегін дамыту тапсырмасы мен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Өндіріс орнында жұмыс қызу жалғасқан. Мұндағы 100-ге жуық мамандар ауруханаға арналған төсек, операция үстелі, нәрестелерге арналған күйбез секілді 300-ге тарта медициналық жабдықтардың түрлерін шығарады. Сапасы халықаралық талапқа сай медициналық жиһаздар мен құрал-жабдықтарға деген сұраныс жыл санап өсуде. «Казмедприбор» ЖШС-і алдағы уақытта денсаулық саласына қажетті бұдан да күрделі, озық үлгідегі техника мен құралдарды шығаруды көздейді. Осы мақсатта мамандардың санын арттыруды да жоспарлап отыр.

Берік Кенжебаев, «Казмедприбор» ЖШС-нің өндіріс бастығы: «Біздің мекеме өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондықтан да бізге өз ісін білетін, білікті мамандар қажет. Өйткені «Қазмедприбор» бүкіл республика бойынша қажеттілікті қанағаттандыра алатындай деңгейде».

Бүкіл республиканы арзан бағадағы медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп келген отандық өндірушілеріміз енді жедел жәрдем көлігін де өзі шығаруға мүмкіндік алды. Бұған дейін шетелдің, атап айтқанда Түркия мен Германияның осы бағыттағы транспортын пайдаланып келген жерлестеріміз енді Қостанайдың «Агромашхолдингі» мен Шымкенттің «Казмедприборына» сенім артады. Яғни жедел жердем көлігін Қостанай зауыты жасап шығарса, біздің мамандар медициналық жабдықтау ісін қолға алды. Жақында Астана қаласында еліміздің индустрия және жаңа технологиялар вице-министрінің қатысуымен алғашқы жедел жәрдем көлігін таныстыру рәсімі өткен болатын.

«Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына отандық өндіруші ретінде қатысатын «Казмедприбор» ЖШС-і мен «Агромашхолдинг» АҚ-ы арнайы автокөліктер құнының 50 пайыздан астамын отандық жабдықтармен қамтамассыз етуді көздейді. Ал жалпы ҚР денсаулық сақтау Министрлігі жақын 5 жылда 2770, оның ішінде биыл 700 жаңа жедел жәрдем көлігін сатып алуды жоспарлап отыр.