Шымкентте алдағы жылу беру маусымына дайындық басталды. Бюджеттен бөлінген 330 млн. теңге қаржыға қаланың оңтүстік бөлігіндегі 7 шақырым орамішілік, 3 шақырым магистральды құбырлар жаңартылады.
Мердігерлер алдымен үш көшедегі ескі құбырларды қазып алуға кірісіп кетті. Жер астындағы құбырларды қазып алған мердігер «КазОйлсервис» ЖШС-нің мамандары шіріген құбырлармен жылы судың қалай жүргеніне таңданып отыр. Бірнеше ондаған жылдар бойы жылу беріліп келген құбырлар жамауға да келмейді екен. Енді сол ескі құбырлардың орнына Ресейден әкелінген жаңа құбырлар қойылады.
Оңтүстік бөліктегі 30 шақырымнан астам жылу құбырларының 17 шақырымы 2007-2011 жылдар аралығында алмастырылды. Биылғы жоспарға 3,7 шақырым енгізілген. Қалған 9 шақырым келесі жылдың еншісінде дейді мамандар. Нәтижесінде тұрғындар сапалы жылу алады. Ал қаланың солтүстік бөлігіндегі жылу магистралдарын жаңарту «3-энергоорталықтың» еншісінде.
Орамішілік жылу жүйелері де жаңартылады. Биыл 7 шақырымы жоспарланып отыр. Өткен жылы 16 шақырым жүйе жаңартылған. Ал қаламыздың оңтүстік бөлігіндегі орамішілік жылу жүйелерінің ұзындығы 127 шақырымды құрайды.