Шымкентте 591 метр жылу жүйесі қайта жөндеуден өтті

167

2021 жылы Шымкент қаласындағы артық жылу ысырабын жою үшін арнайы 5 жылға инвестициялық бағдарлама түзілген еді. Жобаның жалпы құны 82 млн. теңгені құрайды. Оның биылға жоспарланған алғашқы қайта жөндеу жұмыстары 100 пайыз аяқталды. 

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметіне сәйкес келесі жылы жылу жүйесі бойынша тариф арзандайды. Ал 2021 жылы жылуқуаторталығында 5 жылға 82 млн-ға жуық теңгеге инвестициялық бағдарлама түзілген еді. 2022 жылы оның 16 млн-ына жылу жүйелерін қайта құру үшін құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Айсұлу Алибекова, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «2022 жылға 430 метр жерді жөндеу жоспарланған. Ол 430 біткен жағдайда неге алып келеді? Бұл жылу жүйесі тұрғындарға толыққанды, сапалы болып жетеді. Екіншісі ысырап болмайды.Нақтырақ айтар болсақ, егер құбылда изоляциясы болмаған кезде жылу сыртқа шығып кетеді. Сол изоляцияны жасағанның арқасында жылу әрбір тұтынушыға уақытында, сапалы жетеді».

Биыл жоспар бойынша Быковский көшесінде 430 метр құбырға қайта жөндеу жұмысын жүзгізу жоспарланған. Алайда мемлекеттік сатып алу порталынан үнемделген қаражатқа қосымша 161 метр құбырды жөндеу жоспарға еніп, 591 метр жылу желісі қайта құрылды. Қазіргі таңда инвестициялық бағдарлама бойынша жоспар толық орандалған.

Айдар Қалдыкөзов, “Қуатжылуорталық” МКК директорының орынбасары:
«2022 жылы 16 млн теңгеге 430 метр жерге 100, 160 диаметрлі  құбырларды ауыстыру жоспарланған. Қазір біз оның 100 пайызын орындап отырмыз. Жылу маусымына дайындық жұмыстары толықтай жүргізілді. Бұл жоба 2021 жылдың қыркүйек айында бекітілген болатын».

Айта кетейік, Шымкент қаласында жылу жүйесінің жалпы ұзындығы 823 шақырымды құрайды. Жоспар бойынша 5 жыл ішінде оның 2 жарым шақырымы қайта жөндеуден өтеді. Нәтижесінде жылу желілеріндегі апаттар 29 пайызға азаяды. Тұрғындар жыл сайын жылудың пәтерлерде мардымсыз болатынын айтып мәселе көтеретін. Биыл Президент тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында шымкенттіктер қыста тоңбайтын болады.