Баспасөз өкілдерінің бәсекесі

Оңтүстіктің журналистері тек қалам ұстап қана қоймай, спорт алаңдарында салауаттылықты насихаттауға бейім.  Төл мереке қарсаңында журналистер бір апта бойы спорттың 6 түрінен тартысқа түсті. Биылғы дәстүрлі турнирдің ауқымы кеңейген. Теріскейден «Созақ үні» газетінің командасы арнайы келіпті. Бәсірелі бәсекеде Оңтүстіктің БАҚ өкілдерінен құралған 10 дүлдүл команда өзара бақ сынады. Әсіресе, «Оңтүстік Қазақстан» , «Южный Казахстан», » Шымкент келбеті» газетітері, «Қазақстан-Шымкент»  және «Отырар» телеарналарының  командалары белсенділік танытты.

Көпшілік әуелі воллейболшылардың ойынын тамашалады. Бұл сында «Қазақстан -Шымкент» телеарнасының жігіттері үздік шықса, «Ернұр» корпорациясы мен «Ернияз» баспа үйінің командалары қалған жүлделерді бөлісті. Құстай ұшқан желаяқтардың жарысы да көптің көңілінен шыққаны анық. Ерлер арасында Н. Шәріпов (Қазығұрт) оза шапса, Н.Төлеуов (Ернияз) күміспен және Ерлан Райымқұлов (Созақ үні) қола жүлдені еншіледі. Спартакиаданың көрігін қыздырған   арқан тартушылар сайысында  «Южный Казахстан» газеті ұжымы ептілігін байқатты. «Шымкент келбеті» газеті командасы екінші орыннан көрінсе,  «Отырар» телеарнасының мүшелеріне үшінші орын бұйырды.

Бұдан кейін жарысқа  озық ойлылар қосылды. Әсіресе, «Қазығұрт» командасының мүшесі А.Түйетаевқа тең келер ешкім болмады.  Ол сабырлы қалпынан айнымай шешуші сәтте «Оңтүстік Қазақстанның» бөлім меңгерушісі С. Оразалыұлын қапы қалдырды. Ал қола жүлдені «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының инженерi Б.Оразалиев иеленді.  Бильярд бәсекесінде ешкім күтпеген  жағдай орын алды. «Айжарық» бильярд клубында өткен сайыста ардагер қаламгер, ҚР-ның Құрметтi журналисi Б.Қонысбек ағамыздың  жеңiмпаз  атануы жұртты таңдандырған жоқ.   Шешуші кезеңде сыр берген «Қазақстан» ұлттық телеарнасының операторы Н.Нұрбеков күмісті қанағат қылып, «Жанубий Қозоғистон» газетiнiң тiлшiсi Х. Қошқаров қола жүлдені мойнына ілді.

Бүгінде  №1 спорт түрі деп әспеттелетін футбол бәсекесі де мейлінше тартысты өтті. Аяқдоп шеберлері жасыл алаңда кәнігі  футболшы секілді  ойқастады. Топтан озып шыққан «Созақ үні», «Ернұр» корпорациясы, «Ернияз» және «Қазығұрт» командалары  жанкүйерлерге тартымды ойын өрнегін көрсете білді. Аталған төрттіктің ішінен теріскейлік жігіттер шашасына шаң жуытқан жоқ. Олар финалда «Ернұр» корпорациясының жiгiттерiн 2:0 есебiмен ойсырата ұтты.  Осылайша асыға күткен тілшілер қауымының тартысты спартакиадасы тарих қойнауына енді.