Ерланның қызметтік баспалдағы қарыштап өсіп жатқан кезі. Ішкі істер саласының жілігін шағып, майын ішкен маманның еңбегі еленіп, айы оңынан туып тұр. Отызында орда бұзған іскер жігіт көп ұзамай Ішкі істер министрлігі есірткімен күрес жүргізу Комитетінің аймақтық есірткімен күрес жүргізу басқармасының кіші жедел уәкілі қызметіне қонжияды. Онымен қоса полиция аға сержанты шенін иеленген ол талай қызметтің дәмін татып көрген. Соңғы қызметінің жауапкершілігі тым ауыр болатын. Есірткіге есі кеткендермен күрес жүргізіп, наркобизнестің тамырына балта шабу мойнына жүктелген. Осы кезде Ерланның жанына тамыр-танысы үйірсектеп, қызметтік әріптестерімен де сөз жарастыра бастады. Қызметтің уақытша екенін білсе де, көрсоқырланып кеуде қағатыны бар. Қу дүние не істетпейді десеңізші, соңғы кезде Ерлан қызметінен бөлек, табыс табудың төте жолын іздей бастайды. Мемлекеттен алып отырған мардымсыз жалақы оған жұқ болар емес. Қызметі барда қарнын қампайтып қалуды ойлап, әбігерге түседі.
Қыстың қаһары қайтып, күннің көзі жыли бастаған. Сыбайлас достар арттырған Ерлан, әсіресе, Ақжолмен тәп-тәуір тіл табысып, ыңғайы келсе бірге жымдасып қалуға құлықты. Бірақ ауызжалас досының арамниетті екенін, кейіннен іс насырға шапқанда өзін сатып кетерін мүлдем ойламаған еді. Жұмыс барысында ұсталған наркобарондардан әшкерелеген кездейсоқ олжасын енді сужұқпас досына сатуға әрекеттенеді. «Достым, тағы да олжаға кенелдім. Бұл жолғысы қомақты қаражат болатындай-ақ»,- деп Ерлан сыбайласына кезекті рет ұсыныс жасайды. Талайдан бері көлденең қаражатқа құныққан Ақжол шенді досының бұл ұсынысына шаттанбаса, кейіген жоқ. Оның ендігі ойы серіктесінің артын ашып беріп, жасап жүрген заңсыз әрекетін әшкерелеу еді. Алайда Ерлан досының өзіне опасыздық жасайтынын мүлдем қаперге алмайтын. Ал Ақжол оған көптен бері тісін қайрап жүрген. Оған ұрымтал сәт енді келгендей.
«Менде 2 келі героин бар. Кезекті рет олжаға батайық»,- деген досының теріс ұсынысын қабыл алып, енді бұл жолы полицейлердің құрығына іліп беруге қамданады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ОҚО бойынша департаментіне құпия түрде арызданып, «Кнбщниктерді» құлақтандырып қояды.
Алдын ала келісілген мерзім бойынша сыбайластар Шымқаладағы Желтоқсан көшесінің бойында сағат 12.00 — де жолығып, кезекті рет қылмысқа қолбайласады. «Алдымен екі келінің 3,53 грамын беремін. Кейіннен 340 мың теңгені әкелгеніңде қалғанын қолыңа ұстайсың»,- деп Ерлан досымен серттеседі. Олар енді соңғы іс-қимылдарын сәскеде «Нұрсәт» шағынауданының Көктем көшесінің бойында жасамаққа бел байлаған.
ҰҚК-нің қызметкерлері хабардар іс-жоспар бойынша мемлекеттік қызметкер автокөлігінің жүк салатын бөлігіне 1954 грамм тартатын марихуананы келісілген жерге алып келеді. Ол істің соңы пұшайман халге түсірерін еш ойламаған. Қызметі барда арам ақшадан асап қалуға ниетті оның пәруайы пәлек. Келісілген мерзімде келіп жеткен кеудемсоқ дөкей :« Қаптамадағы екі кіләдан асады. Соны ал да анау тұрған күл-қоқыс жәшікке таста. Тез-тез қимылда. Ізімізді суытып үлгерейік»,- деп Ерлан досына бұйырады. Осы сәтте аңдып тұрған полицейлер де дереу іске көшкен.
Қызыл жағалыларды байқап қалған шенеунік ендігі кезекте «Самал» шағынуданына қарай қаша жөнеледі. Алайда қылмыскер оқиғаны сырттан бақылап тұрған қырағы мамандардан қашып құтылуға дәрменсіз еді. Оқиғадан соң сот залына жөнелтіліп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
PS: Белгілі себептермен кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді. Оқиға орын алған мекенжайлар нақты деректер бойынша сақталды. Деректер ОҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Райымхан Заппаров пен облыстық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбидің көмегімен алынды.