Шымкенттік шенеуніктер тауда бас қосты

Төлеби туризмді түлетуге қолайлы бірден-бір өлке. Жота қырлары, өзен-суы бәрі де тамсандырмай қоймайды. Әйгілі Швейцарияның тамылжыған табиғатынан бір мысқал да кем емес. Тау-тасын жағалай туристердің жиі-жиі серуендеуі сондықтан.

Таяуда аудандағы Сайрамсу шатқалы ұлттық паркінде келелі іс-шара ұйымдастырылды. Шымкент қаласы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі қолға алған «Экологиялық соқпақ» тау фестивалі алдағы Лондонда өтетін XXX Жазғы олимпиада ойындарына арналды. Іс-шараның басы-қасында қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, сондай-ақ, қалалық бөлім басшылары мен қызметкерлер, БАҚ өкілдері болды.

Екі күнге созылған фестиваль аясында қатысушылар тауға шығып, табиғаттың таңғажайыптарымен танысты. Сонымен бірге, «Кедергілер жолы» сайысында туристер ептілігін байқатып, арқыраған ағынсудың үстінен арқанмен өтті.

Соңында шеберлігімен көзге түскен қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль бұдан кейін де кең көлемде аталып өтілмек.