Естеріңізде болса, осыған дейінгі жаңалықтарымызда «Нұрсәт» шағынауданында заманауи талаптарға толық сай келетін контейнерлер орнатылатыны жайлы хабарлағанбыз. Астана, Алматы мен Қызылорда қалаларында жүзеге асып қойған бұл жаңалық біздің қаламызда қашан енгізіледі? Мамандардан сұрауды жөн көрдік.
Қарапайым халыққа қолайлы болу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі жыл басында жерасты контейнерлерін нақ осы Нұрсат шағынауданынан бастап орнатындарын хабарлаған. Қауіпсіздік шараларының барлық талаптары сақталатын қоқыс алаңшалары әр аулада 3 данадан орнатылмақ еді.
Нұржігіт ӘБДІРАХМАНОВ, ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің бас маманы: «Ол контейнерден сасық, ешқандай нәрселер шықпайды. Бәрі жабық. Қапшығы герметикалық жабық болады. Ол ешқандай жанбайды. Қысқасы барлық талаптың бәрі сақталған. Өртке жанбайды. Жер асты контейнерінің жарамдылық мерзімі 7 жыл делінгенімен, біз оны 10 жылға жоспарлап отымыз».
Біздің мамандар енді әмбебап контейнерлердің Ресейден әкелінуін күтіп отыр екен. Қоқыс сақтау жабдықтары келді дегенше он күннің арасында «Нұрсәттің» 29 нүктесінен ойып тұрып орын алмақшы.
Марат ТӘЖІБАЕВ, Әл-Фараби аудандық әкімдігі аппаратының бөлім меңгерушісі: «26 жер асты қоқыс алаңшалары салынады. Оның әрқайсысында үш контейнерден болады. Жалпы 57 контейнер 29 нүктеге «Нұрсат» шағынауданынан салынады. Тапсырыс беруші — ТҮКШ бөлімі. Олардың сөзінше, қыркүйекке дейін бітеді деп жатыр».
Мамандар қаланы қоқыспен ластаудан тұрғындардың тұрыстық мәдениетінің деңгейі де көрінетінін айтады. Сондықтан Нұрсәттегі әр ауланы сыпырып-сиыруға мына кісі секілді адамдар жалдауға мәжбүр. Қыркүйекте енетін жаңалық қала көркін ажарландыруға қаншалықты әсер етеді? Ол алдағы уақыттың еншісінде.
Ал бұл кезде «Нұрсәт» шағынауданындағы балалар ауруханасының маңы қоқысқа толып, ыбырсып жатыр. Санитарлық талапқа сай келмеген соң қызмет көрсетуші мекеме қоқыс контейнерлерін басқа жаққа көшірген. Қоқыс алаңшасының бүгінгі көрінісін көрсеңіз, өткір иісі қолқаны қабады. Азық-түліктің бар қалдығы бей-берекет шашылып жатыр. Осы мекеннің тазалығымен айналысатын «Орион Нов-Тех» ЖШС-і мамандарының сөзінше, контейнер орнын бірнеше рет тазалаған. Бірақ тұрғындардың өздері талапты сақтамай, шашып жатыр екен.
Бақытжан МЕКЕНБАЕВ, үй төрағасы: «Мына жерге қарбыз, қауынның, шіріген қызанақтың қалдығын тастайды. Соның барлығы ағып, екінші подъездге дейін барады. Шыбын деген толып кетеді. Бұрын мұнда контейнер бар кезде келіп тазалайтын. Қазір ешкім тазаламайды. Жауаптыларға айттық. Бірақ ешкім құлақ асып жатқан жоқ».
Серіктестік расында да «Нұрсәт» шағынауданының маңындағы Облыстық балалар ауруханасының маңын енді тазалаймыз деп отыр. Өйткені, бұл маңға қоқыс тастамау керектігі жөнінде сондағы тұрығндарға ескертілген деп отыр. Мәселеге тілшілер араласқаннан соң ғана, соңғы рет тағы да қоқыс алаңшасын тазалап беруге уәде етті. Бұдан былай тағы да осындай жағымсызжағдай орын алса, тәртіпті бұзған тұрғынға әкімшілік айыппұл салмақ.