Қала күні қарсаңында Шымкенттің өндірістік әлеуеті тағы да арта түсті. Мегаполисте жалпы құны 20 миллиард теңгеден асатын төрт ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Жаңа кәсіпорындардың ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Алғашқы нысан – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Shymkent Qagazy» серіктестігінің жаңа өндірістік кешені. Кәсіпорын макулатураны қайта өңдеп, картон қаптама өнімдерін шығарады. Өндірісті кеңейтуге бағытталған жоба өңдеу өнеркәсібінің дамуына тың серпін бермек. Жобаның инвестициялық құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кәсіпорында өндірістік желілер толық іске қосылған. Мұнда шығарылатын өнімдер еліміздің оңтүстік өңірлерін сапалы отандық қаптамамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бүгін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында жаңа өндіріс орнын іске қостық. Бұл – макулатура мен картон қағазын өндіретін «Shymkent Qagazy» компаниясының жобасы. Жобаның жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтан жер телімі бөлініп, барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды».
Қала әкімінің жұмыс сапарындағы келесі нысан – «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынып жатқан жаңа өндірістік алаң. «ORDA NS BUILDING» компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Мұнда кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар ұсынылып, жаңа жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік жасалады. Жобаның жалпы құны 13 миллиард теңге болса, оның алғашқы кезеңіне 8,3 миллиард теңге инвестиция салынған.
Бұдан кейін қала басшысы аккумуляторларды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауытының құрылысымен танысты. «Шымкент аккумуляторларды кәдеге жарату зауыты» серіктестігі жүзеге асырып жатқан жоба қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай өндірісті дамытуға бағытталған. Құны 2 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 50 мыңға дейін пайдаланылған аккумуляторды қайта өңдей алады. Сонымен қатар 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жұмыс сапарының қорытынды нысаны – алюминий профильдерін өндіретін «Himmel Aluminium» зауыты болды. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бұл жобаға 3,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққанда жылына 4 мың тоннаға дейін алюминий профильдерін шығарады. Нәтижесінде 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Шымкентте бір күнде төрт бірдей өндіріс орны іске қосылды.
Жалпы көлемі 20 миллиард теңгеден асатын инвестиция тартылып, жүздеген жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жобалар қаланың өндірістік қуатын күшейтіп, кәсіпкерліктің дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және отандық өндіріс көлемінің артуына жол ашады.
Нұргүл Жолымбетова





