Шымкентте қазақ боксының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, КСРО спорт шебері, даңқты былғары қолғап шебері Нұржан Төлебекұлы Қосмамбетовті еске алуға арналған Қазақстан Республикасының Кубогі бастау алды. Тартысты бәсеке, 350- ге жуық жасөспірімдер арасында өтуде. Мұндағы мақсат, жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, болашақ чемпиондарды анықтау.
Абай обысынан келген Кенесары Қабдешов алғашқы айқаста қарсыласынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ол 42 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған болатын. Жастайынан спортпен айналысатын жасөспірімнің арманы да ,алға қойған мақсаты да айқын. Болашақта әлем чемпионы болуды көздеп отыр.
КЕНЕСАРЫ ҚАБДЕШОВ, СПОРТШЫ: «Бұйыртса әлем чемпионы болам. Төрехан, Махмуд Сабырхан секілді жеңіске жеткім келеді. Өзімнің ағам секілді жеңіске жеткім келеді. Қазақстан кубогінде бұйырса бірінші орынды аламын».
Белгілі спортшы Нұржан Қосмамбетовты еске алуға арналған Қазақстан кубогінің салтанатты ашылу рәсіміне спорт ардагерлері, тәжірибелі бапкерлер, төрешілер, спорт саласының өкілдері мен жас былғары қолғап шеберлері қатысты. Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл турнирдің жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жарыстар жас буынның кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың ел намысын қорғайтын саңлақ спортшы болып қалыптасуына жол ашады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Осы балалардың арасынан талай әлем чемпиондары, олимпиада чемпиондары шыға берсін деп тілейік. Осы Нұржан ағалары секілді Қазақстанның көк туын көкте желбірете берсін. Бүгінгі жарыста ең мықтылары жеңіске жетсін. Жеңілгендерінің сағы сынбасын. Беті қайтпасын. Бұл жарыс жастардың алғашқы қадамы деп білеміз. Осы балаларды жаттықтырып отырған жаттықтырушыларға табыс тілейміз. Ал, төрешілер әділдікпен бүгінгі жарысқа төрелік жасай берсін».
Бұл турнирдің маңызы тек жүлдегерлерді анықтаумен шектелмейді. Жарыс жасөспірімдердің тәжірибе алмасуына, спорттық рухын нығайтуына және болашақ халықаралық жарыстарға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулып, оларды табандылық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуде де ерекше рөл атқарады дейді бас төреші
ДІНМҰХАМЕД АБАЙХАН, БАС ТӨРЕШІ: «Шымкент қаласында ҚР кубогі 2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен және осы жасқа дейінгі 17 жасқа дейінгі жасөспірім арасындағы аға бапкердің бастамасымен бірінші рет өткізіліп отыр. 350 -ге жуық жастар өздерін бақтарын сынағалы отыр. 15 салмақ дәрежесінде медальдар таратылады. 27 сі күнде осы жерде ақтық сында жеңімпаздар анақталды».
Айта кетейік, Шымкент қаласында алғаш рет өтікізіліп отырған додаға Қазақстанның барлық өңірінен 350-ге жуық жас боксшы қатысып, ел кубогі үшін шаршы алаңда өзара мықтыны анықтайтын болады. Естеріңізге сала кетейік, Нұржан Қосмамбетов облыстық, республикалық, одақтық және халықаралық деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.
Нұргүл Жолымбетова

