Шымкент төрінде ұлттық өнердің мерейін асырған тағылымды рухани кеш өтті. «Түркістан» сарайында қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Шырайлы, шежірелі құтты мекен » атты республикалық ақындар айтысы елдің түкпір-түкпірінен келген белгілі айтыскерлердің басын қосты. Сөз додасында суырыпсалма өнердің саңлақтары туған жердің тарихын, елдік мұраттарды, ұлттық құндылықтарды және бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін арқау етті. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Шымкентте белгілі айтыскер ақындар бас қосты. Өткір ой мен ұтқыр сөз арқылы халықтың көңіліндегі мәселелерді көтеріп, ұлттық рухты асқақтатты. Дәстүрлі өнер мерекесін Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Ал қазылар алқасына Қазақстанның халық жазушысы, қазақ айтыс өнерінің абызы Жүрсін Ерман төрағалық етті.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: «Шырайлы, шежірелі құтты мекен…» атты республикалық ақындар айтысына қош келдіңіздер. Бабаларымыздың ғасырлар бойы ұлттың ұлылығы, кешегі сан ғасырлар қазақтың бойына дарыған қасиетті киелі өнеріміз қазақ айтысы шымкент қаласында төріне келді. Қадамымыз құтты болсын».
Айтыс барысында қатысушылар Шымкенттің өсіп-өркендеу жолын, тарихи тамыры мен жарқын болашағын жырға қосып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахна төрінде өрілген әр шумақ пен әрбір уәж ұлттық болмысты дәріптеп, сөз өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді дейді жауаптылар.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Айтысқа 10 шақты өңірден қатысып отыр. Павлодар облысы, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шымкент қаласынан қатысып отыр. Шымкент қаласынан бірнеше айтыскеріміз бар. Оның ішінде, Жансая Мусина, Біржан Байтуов сынды айтыскер ақындарымыз бар. Барлық айтыскерлер сен тұр, мен айтайын дейтіндей. Жоғары биіктерден көрініп жүргендер. Оның ішінде жастарда бар. Айтысқа аранйы Жүрсін Ерман ағамызда келіп отыр».
Рухани кештің басты мақсаты – қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және айтыс өнерінің тағылымын кейінгі буынға жеткізу. Көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мәдени шара ұлт руханиятының салтанатын айшықтап, сөз құдіретінің өлшеусіз күшін тағы бір мәрте танытты.
Нұргүл Жолымбетова






