Қаражат жұмсауда әрқайсымыз әр түрлі қағиданы ұстанамыз. Мәселен оңай келген ақша оңай кетеді. Шығын шықпай, кіріс келмейді т.б. Сонымен қатар, бүгінгі таңда мол ақша табудың жолдарын ұсынатын кеңестер ғаламторда қаптап жүр. Психолог-мамандар ақшаны жақсы көрген дұрыс, оның қадірін білмей қалай болса солай жұмсайтын болсаңыз, қалтаңыз жұқарады дейді. Тіпті ақшам жоқ деген сөзден айтудан аулақ болыңыз деп кеңес береді. Жұлдызнама бойынша зерттелген ғалымдардың айтқанына да құлақ түрген артық болмайды.
Тоқты белгісіндегі адамдардың көбісі ақшаны оңай әрі ысыраппен жұмсай береді. Қолына түскен қаржыны үнемдеуге құлықсыз. Ертеңгі күніне көп бас қатыра бермейтін жандар. Бұл белгіде туғандар құмар ойындарға әуес келеді. Сондықтан, тауар немесе акциялар сату бойынша жұмыспен айналысатын болса, бірден көп пайдаға кенелуді көздейді. Қымбат заттар алғанды ұнатады. Көп жағдайда ақшаның қадірін біле бермейтіндіктен, келген дүниесін өзгеге оңай бере салады.
Үнемі алға талпынып отыратын торпақ белгісіндегілер қауіпсіздік үшін ақшаны банкте жинағанды жөн санайды. Сондай-ақ, құны жоғалмайтын әрі қымбат дүниелерді сатып алады. Торпақтар барлық жағынан сақтандыруды ойлайтындықтан, тек сенімді кәсіпорындармен келісімшарт жасап, пайдалы іске ғана ақша жұмсайды. Оларды алдауға көбісі тәуекелге бара қоймайды. Өйткені бұл жұлдыз белгісінде туғандар тыңғылықты ойлану нәтижесінде шешім қабылдайды. Бірақ қолы ашық. Ақша жағынан біреуге көмектесуге бейім тұрады. Көп жағдайда опық жейді. Дегенмен, ақшасының қалайда қайтарылу жолын іздейді.
Егіздер үшін банкте ақша салу үлкен маңызға ие емес.Олар ақшаны даулы жолмен болса да қолма-қол алудың жолын тез табады. Бұл белгіде туғандардың көбісі қаржысын тез көбейту жүйесін қарастырады. Көп қарыз алудан, шығыннан қорықпайды. Ақшаны ойын түрлерімен де алудың шебері. Егіздердің қалтасында үнемі қаржы болады. Бірақ біреуге ақша беруге келгенде сараңдау. Сол себептен айналасындағыларға жаға бермейді. Мұны егіздер елемейді де.
Шаян белгісіндегілер ақша жинағанды жақсы көреді. Ал қалтасында қаржысы болмаған жағдайда өзін бәрінен де ең кедей деп санайды. Шаян белгісінде туғандарды көбінесе жақындары сараң деп санайды. Сол үшін ұрыс та естиді. Олар сырт ортаға көбінесе сенімсіздікпен қарайды, жеке бизнеске икемі бар. Банкке салым салуды жөн санайды. Қаржыны жұмсар алдында көп ойланады. Бірақ бір жұмсағанда көп ақшасынан айрылады.
Арыстандар ақшаның түріне қарамай оңды-солды жұмсайды. Бұл белгіде туғандар айналасындағылар арқылы жақсы қаражат табады. Ақша оған қалай келсе, солай кетеді. Соған қарамастан Арыстандар ертеңгі күні туралы ойлана бермейді. Ақшаның оңай келетініне сенімді. Тіпті өзінде қаржысы қалмаған жағдайда да қолы ашық жан ретінде қала бермек. Бұл жомарттығын маңындағылар көбіне қадірлемейді. Арыстандар құмар ойындарға әуес келеді.
Үнемшіл Бикештер ақшаға өте абай болады. Бекерге ақша жұмсамайды. Сатып алудан бұрын ұзақ ойланып, сәтті шешімге келеді. Бикештер өте қарапайым жағдайда өмір сүреді. Оның шығыны табысынан өте төмен. Дегенмен, банкте немесе қорда үнемі ақшасы болады. Бұл белгіде туғандар ақшаны қалай табудың және қайдан алудың нақты жолын біледі. Есеп айырысуды уақытында жүзеге асырады. Несие қаразын да дәл уақытынан кешіктірмейді. Ақшаға аса ұқыптылықпен қарайтын бикештер бірден көп пайдаға кенелетін істерге тәуекел ете бермейді. Сондықтан да кіріс көзі біртіндеп көбейеді.
Таразы белгісінде туылғандар қаржылық жоспарын тыңғылықты құрғанымен, әдемі өмір сүруге деген құштарлық ақшасын көп жұмсауына әкеледі. Бақытына орай, оларға ақша оңай келеді. Қалтасы қалыңдамаса да, тиынсыз қалмайды. Таразылар ұзақ мерзімге өзін қамтамасыз етуге салым қорын көбейтеді. Көбінесе біреуге қаражат жағынан тәуелді болғанды қаламайды. Бұл белгіде туғандар жайлы өмір сүргенді ұнатады. Сапалы әрі қымбат дүниелерге жаны құмар. Сондықтан қалағанына қол жеткізу үшін ақшасын аямайды.
Сарышаяндар әрдайым өз қаржысын қатаң бақылауда ұстап отырады. Ақшаны жақсы көрсең ғана, қаражаттан тарықпайсың деген қағиданы ұстанады. Біреуден алғанды ұнатады. Бірақ шығысқа келгенде сараңдау. Шығын шықпай, кіріс кірмейдіге сене бермейді. Сондықтан, мол пайда әкелетін істерге ақша құюға тәуекел ете бермейді. Дегенмен, Сарышаяндар қаражат жұмсағанды ұнатады. Әрине, көп жағдайда өзінің бас пайдасына ғана. Ал өзгеге жұмсаған ақшасының есебі бар екенін үнемі еске салып отырады.
Мергендер ақшасы болса, әдеттегіден өзі бақытты сезінеді. Ал қалтасы жұқарған кезде өзгелерден үлкен көлемде ақша алудан қорықпайды. Оның өтемі жайлы көп ойлана бермейді. Алайда, қарызды өз қалтасынан емес, оңай тапқан пайдасы арқылы қайтарады. Бұл жолда жүйе жасаудан мергендер алдына жан салмайды. Мергендер банктегі, қордағы ақшаларын бақыламайды. Сондықтан, қордағы ақшасы таусылып немесе жоқтығы есіне түскенде проблема туындайды. Есесіне бұл белгіде туғандар көп және тез пайдаға кенелудің жолын жақсы біледі.
Тауешкілер ақшаның қадірін жақсы біледі. Сондықтан ешқашан қаражатын бекерге желге ұшырмайды. Ақшаны жұмсамас бұрын тыңғылықты ойланып, жоспар түзеді. Нәтижесінде сапалы сатып алуларды жүзеге асырады. Тауешкілер жеке қауіпсіздігі үшін ақшасын аямайды.Тіпті зейнеткерлік қоры үшін жоспарды бүгіннен жасайды. Қаражат жинау кезінде білікті мамандардың кеңесіне құлақ түруді жөн санайды. Бұл белгіде туғандар мол пайда табуға құмар. Кейде шамадан тыс қолы ашық болып кетеді.
Суқұйғыштар ақшаға сараңдау. Сондықтан бекерге ақшасын жұмсай бермейді. Олар қордағы қаражатын қанша қалғанын үнемі санап отырады. Кейде тіпті өзіне жұмсауға да сараңдық танытады. Әрбір тиынның қалай келгенін жақсы біледі. Үнемі жұмсалған қаражаттың орнын толтыруды ойлайды. Дегенмен, өзгелерге көмектесу қасиеті суқұйғыштарда бар. Бұл әрекетке орнымен баратындықтан, оларға пайдасын тигізіп отырмаса, шығынға батырмайды. Қордағы ақшасын бақылап отырып, әрі орнын үнемі толтыруды ойлайтындықтан, суқұйғыштардың ақшасы не бірден көбейіп, немесе бірден азайып қалмайды. Бір қалыпты тұрады.
Балықтар «ақша қалай келеді, солай кетеді» деген ойда жүреді. Банктегі ақшасын бақылау бұл белгіде туғандардың қаперіне де кірмейді. Сондықтан, көп жағдайда қаржылық дағдарысқа тіреледі. Соған қарамастан қолы ашық, маңайындағыларға сенеді. Кейбіреулері оның ашықтығын пайдаланып, алаяқтық әрекетке көшетіндері де бар. Балықтар бірден көп ақшасынан айырылатындар қатарында. Қорда ақшам бар деп өзін алдап, армандап жүре береді.