Түркістан облысында білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы тұрақты болғанымен талқылауды, шешуді талап ететін мәселелер бар. Айталық, білім сапасы, кадр әлеуетіне көңіл бөлген абзал. Әсіресе, балабақшалар жіті бақылауды талап етеді. Осы және өзге де білім саласындағы мәселелер облыс әкімдігінде талқыға түсті.
Облыс аумағындағы 1438 балабақшаның 80 пайызға жуығы кәсіпкерлердің қолында. Аймақтағы 2-6 жас аралығындағы балалардың барлығы дерлік балабақшамен қамтылған. 153 мыңнан аса бала мемлекеттік тапсырыспен балабақшаға орналастырылған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте мәлім болды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың сөзінше, балаларды балабақшамен қамту жайы шешілгенімен, өзге мәселе бар.
Сонымен бірге, балабақшаларға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген. Нәтижесінде 2306 балаға мемлекеттен ақы төленгенімен шын мәнінде олардың балабақшаға келмегені белгілі болған. Жалпы 3 миллиард теңге үнемделген.
Бұдан бөлек, жиында мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту мәселесі қаралды. Аймақта жөндеу көрмеген және ғимараты жоқ бірқатар мекемелер бар екені сөз болды.
Облыс әкімі мәселені шешу үшін нақты құжаттан әзірлеумен бірге мектепке дейінгі білім беру жүйесінде кадр сапасын арттыру, жекеменшік секторды тиімді реттеу, ваучерлік қаржыландыруды жетілдіру бағытында тиісті тапсырмалар берді.
Дилара Иса






