Испания-кубок иегері

Дүйім жұрттың түн ұйқысын төрт бөлген кәрі құрлықтағы доп додасы аяқталды. Польша мен Украина 3 апта бойы футболмен тыныстады. Жүзден жүйрік шыққандар анықталды. Футбол жанкүйерлері төрт жыл бойы тағатсыздана күткен Еуропа чемпионаты да тарихтың тұңғиығына кетті.

Еуропа біріншілігінің әдетінше тартысты да тартымды өткеніне куә болдық. Жасыл алаңдағы аяқдоп шеберлерінің өнері көпшілікті тәнті етті. Түні бойы көк жәшікке телмірген жанкүйерлердің қарасы көп-ақ. «Еуро-2012» несімен есте қалды? Әрине, ең әуелі 16 команданың жеңіске деген жігерлілік танытқанын айтамыз. Футбол фанаттарының ойын алдындағы болжамдарының өзі бөлек әңгіме. Расын айтқанда, «тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, чемпионат алдында Украинаның дүбірлі тойды ойдағыдай өткізе алмайды деген қауесет тарап кетті. Елдегі саяси жағдай мен бұзақы жанкүйерлер ойынның шырқын бұзады десті көпшілік. Одан бөлек, Франция Үкіметінің бойкот жариялағаны да отқа май құя түскендей еді. Алайда, УЕФА президенті Мишель Платинидің мәлімдемесі Украинаны абыройсыздықтан құтқарып қалды.

Сонымен, Украина мен Польша турнирді абыроймен өткізді. Айта кетерлігі, алаң қожайындарының топтық кезеңнен шыға алмауы жергілікті жанкүйерлерге ауыр соққы болғаны анық. Ал ең қызығы, фанаттар чемпионаттың фавориттерін анықтай алмай әбігерге түсті. Көпшіліктің пікірі сан-саққа жүгіргенін айта кетуге тиіспіз. Бұл ретте, «неміс мәшинесіне» сенгендер мен «қызыл фурияның» тілеуін тілегендер қызыл кеңірдек болып сөз таластырғаны жасырын емес. Жұрт күткендей-ақ, Германия мен Испания жартылай финалға еш қиындықсыз өтсе, Италия мен Португалияның осы қатардан көрінуінің өзі үлкен ерлікпен пара-пар. Алайда, немістердің Аппенин түбегінің жігіттеріне есе жіберуі сенсацияға баланарлық. Осы орайда италян халқы «қара маржан» Марио Балотеллиге рахмет айту керек шығар.

Хош делік, шешуші сәтке Испанияның шығатыны дау тудырмаса, әйгілі Буффонның командаластары айды аспанға шығарды. Негізінен, кейде италиялықтардың азулы қарсыласты жүндей түтіп жіберетін қарымы бар. Шыны керек, финалда Висенте дель Боскенің жігіттері топ жаратыны еш күмән тудырған жоқ. Ал өз кезегінде Испания құрамасы италиялықтарды құрғақ есеппен ұтып, тарихтың жаңа бір парағын ашты. Осыдан төрт жыл бұрын кубокты бастарына көтерген жігіттердің Африка құрлығындағы аламанда да әлем чемпионы атанғанын білесіздер. Енді міне, қатарынан екі рет Еуропа кубогін көкке көтеру испан жігіттеріне бұйырыпты.