Оңтүстікте түтінге тұншыққандар көбейіп барады

Түтінге тұншыққан науқастың жағдайының ауыр болғаны соншалық, өзінің жасы қаншада екенін толық айта алмай, сандырақтап дәрігерлерді қорқытыпты
Дәрігерлер жыл санап түтінге уланғандар көбейіп барады дейді

Оңтүстікте пештен шыққан түтіннен уланғандар саны тым көбейіп кетті. Қазірдің өзінде ауруханада 30 ға тарта адам жатыр. Олардың басым бөлігінің жағдайы нашар.

Бүгін дәрігерлер дабыл қағуға мәжбүр болды. Өйткені науқастар таксикология бөліміне сыймай барады. Күн суытса жағдай қиындайын деп тұр дейді ақ желеңділер. Өйткені өңірде жылытқыш пештерді қолданатын халық, мұржаларды тазартпай жаппай уланып жатыр.

Шымкенттегі Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының жан сақтау бөлімі науқастардан босаған емес. Қазір де дәрігерлер түтінге тұншығып, есін жоғалтқандарды аман алып қалу үшін барын салып жатыр. Зағипа Керімбаева Төлеби ауданынан ауыр жағдайда кеше жеткізілді. Көмір иісіне отбасындағылар жапай уланып қалған.

Түтінге тұншыққан науқастың жағдайының ауыр болғаны соншалық, өзінің жасы қаншада екенін толық айта алмай, сандырақтап дәрігерлерді қорқытыпты

Зағипа Керімбаева, науқас: «Кенді тазартқанбыз. Үстін тазартып, астын тазаламадық. Сосын кешке от жақтым. Дұрыс жанбай қалған ғой. Таңертең тұрмай қалғанбыз. Сосын оны қайным біліп қалған да. Біздің бәрімізді дәрігерге сол алып келген ғой. Бұлар неге тұрмай жатыр. Бұларға не болып қалды деп ойлаған. Көршілеріміз де байқаған. Бірақ олар келмеген. Үйде балам, күйеуім үшеуміз болдық қой. Мен тіпті ес-түссіз қалғам».

Дәрігерлер көпқабатты үй тұрғындарына қарағанда жер үйде, пеш жағамын деп уланып жатқандар көп дейді. Автономды жылыту жүйесі адам өміріне қауіп төндіріп жатыр. Тұрғындардың пеш мұржаларын тазалауда жүрдім-бардым қарайтыны қайғылы жағдайға себеп екенін 26 жылдық тәжірибесі бар пешші Бауыржан Айнабеков те жасырмайды.

Бауыржан Айнабеков, пешші: «Қазір қаладағы барлық үйлердің мұржасы толған. Кеңес кезінен бері оны ешкім тазаламайды да. Бұрын бұл іспен тұрғын үй коммуналдық бөлімі айналысатын. Ал қазір аттап бассаңыз ақша. Сондықтан ешкім қалтасынан артық ақша шығарғысы келмейді. Арты сосын қайғылы жағдайға душар етеді».

Міне, оның жалғыз дәлелі. Қыс басталмай жатып бір ғана Шымкентте екі отбасы қара жамылды. Ал мына бөлімшеге аз емес 60 қа тарта адам түскен. Олардың жартысы әлі де осында.

Икрам Төлеев, Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері: «Қыркүйек айында бөлімшеге 5 адам уланып түссе, қазан айында оның саны 41-ге жетті. Қазір қарашада науқастардың саны 56-ға шығып отыр. Жылдық көрсеткіштерді салыстырсақ жыл өткен сайын уланулардың саны артып жатыр. Бұған себеп халықтың саны артуында. Әрі жаңадан құрылған коммуналды жүйесі жоқ елдімекендер де көбейіп жатыр. Яғни онда инфрақұрылым жоқтың қасы. Осы олқылықтарды жөндейміз деген тұрғындар пеш соғып, қолдан жасап, жасаған күннің өзінде мұржаларды дұрыс құрмағанының себебінен осындай жағдайлар көбеюде. Әрі тұрғындардың салақтығы да қайғылы жағдайдың себепшісі». 

Дәрігерлер, бұлай бола берсе, науқастар үшін жақында орын таппауымыз мүмкін деп қобалжуда. Ақ желеңділердің дегбірін уланғандардан бөлек, күйік шалғандар да қашыруда. Өйткені, қазір мұнда 23 науқас күйікпен емделіп жатса, біреуін үсік шалған.