Қариялар мән беретін мәселе көп

Қариясы бар үйдің қазынасы бар
Қариясы бар үйдің қазынасы бар
Қариясы бар үйдің қазынасы бар

«Араздасып ағайын кетер еді,

Бір қария болмаса бір ауылда», – деп келетін өлең жолдарын оқыған сайын терең ойға қаламын.

Туған өлкеге іссапармен келгенде қариялармен кездесіп тұрамын. Сондай бір кездесуде сарыағаштық Мүсәлі Жорабаев деген ағамыз жақсы бір ой айтты. Ол: «Қазір біздің кейбір ата-аналарымыз тәрбиеге мұқтаж» деді. Шынымен де, кейбір ата-аналар балаларын тәрбиелемек түгілі, өздері тәрбие алуды қажет етеді.

Қазір барлық ауылдық әкімдіктердің жанында билер алқасы, ардагерлер кеңесі деген секілді қоғамдық институттар бар. Оңтүстікте билер алқасы институты жақсы дамыған. Соның барлығы формальды түрде жұмыс істейтін секілді. Себебі, сол қоғамдық ұйымдардың қандай жұмыстар жасап жатқанын тұрғындар көп біле бермейді.

Елбасымыз өз сөзінде қалаларымыздың тазалығын сақтауға, жаңа заманға сай ауыл-аймақтарды гүлдендіріп, елді мекендерді таза ұстауға шақырған болатын. Көше тазалығын сақтамағандардың жауапкершілігін арттыру туралы ұсыныс жасады. Несін жасырамыз, нарық заманының ауыртпашылығынан кейбір ауылдар азып-тозып кетті. Көп азаматтар өздерінің үйлеріне қарамайды. Кейбір адамдар үйі мен қорасына жөндеу жасап тұруды дәстүрге айналдырмаған. Ауласының қақпасын екі-үш жылда бір рет сырлап қоюды білмейді. Үйдің сыртын жыл сайын ақтап қойса қандай жақсы. Әр адам ауласына көкөніс, жеміс ағаштарын егіп, өз үйін жайнатып қойса, сол арқылы ол ауылдың да көркеюіне үлес қосар еді. Осы жұмыстардың бәрін ауыл әкімдері ұйымдастыруы қажет. Ал әртүрлі қоғамдық ұйымдар осындай іске бас-тамашы, насихаттаушы болса, бұл халықтың көңілінен шығатын, қолдауға ие болатын шаралар екені анық. Ақсақалдарымыз осыған атсалысқаны жөн.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бастамасын көтерді. Халықты еңбек ету арқылы мемлекетімізді дамытуға шақырып отыр. Қарияларымыз ауыл басшыларына осы орайда кеңес беріп отырса. Өмір болған соң қоғамдық-әлеуметтік мәселелер туындап жатады. Даулы мәселелер де кездеседі. Соның бәрін билер алқасы немесе қадірлі қариялар шешіп отырған.

Ертеректе болған оқиғаны естіп едім. Жылқылары қолды болған бір ауылдың адамы екінші бір ауылдың ақсақалына келіп, малының ізі осы ауылға тірелгенін, кімнің қорасына кіргенін де білетінін айтып шағымданады. Ақсақал сұрастырып білсе, жылқыны ұрлаған ауыл шетінде тұратын белгілі баукеспе, дүйім елге зиян қылған кәззап қарақшы екен. Ақсақал бір адамы арқылы әлгі ұрыға былай деп сәлем жолдапты: «Мына кісілердің жылқысын бүгіннен қалдырмай қайтарып берсін. Егер олай етпесе, мен бұдан былай оның берген сәлемін алмаймын». Мұны естіген ұры: «Ойбай, жылқысы құрысын. Бәленшекең менің сәлемімді алмайтын болса қалай жер басып жүремін, жұрттың бетіне қалай қараймын», – деп жоқшылардың іздегенін жалма-жан қайтарып беріпті.

«Кәріден иман кетсе, жастардан ұят кетер» дейді халқымыз. Өкінішке қарай жасы үлкен адам ретінде кейінгі толқынға үлгі көрсете алмайтын, басқосуларда жөнді тілек, берекелі бата бере алмайтын қарттар да кездеседі. Сондықтан қадірлі ақсақалдың аузында батасы, жүрегінде иманы болуы керек.

Жасыратыны жоқ, кейбір отбасындағы тәрбие мәселесі өз деңгейінде болмауы мүмкін. Баланың алдында ата-ана өзін қалай қояды? Балалар алдында әке-шешесінің әңгімелесуі қалай? Отбасында дөрекі сөйлеп отыратын адамдар да аз емес. Біздің қоғамда балаларын жаман сөзбен ұрсып, жағымсыз қылық көрсететіндер де бар. Ал осының бәрі балаларға қалай әсер етеді? Сондай отбасыдан баланың безіп кетіп жататын оқиғалары кездеседі. Кейде «мен ата-анама да, ешкімге де керек емеспін» деген ойдың жетегінде кетіп, өзіне- өзі қол жұмсау әрекеті орын алуы мүмкін. Басқа бұзақылар ортасына қосылып кетуі мүмкін.

Ата-ана баласымен тең дәрежеде сөйлесетін орта қалыптасуы керек. Баланы не алаңдатып жүргенін әке-шешесі білуі тиіс. Ұл бала өзін толғандырған мәселені әкесіне айтатындай, қыз бала шешесімен сыр бөлісетіндей қарым-қатынас орнығуы керек. Сонда ғана қоғамда келеңсіз оқиғалар азая түседі деп ойлаймын.

Бүгінгідей ақпараттар тасқыны белең алған заманда әркім өзімен-өзі болып кетпеуі керек. Қандай істі де бірлесе атқарса, нәтижесі зор болмақ.

Осындай жұмыстарды атқару үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ. Адамдардың жақсы тұрмыс кешіп, өмір сүруге деген ниеті, ықыласы болса, ауылдарымыз да көркейеді, өңірлеріміз де өркендейді. Сол арқылы мемлекетіміз дамиды.

Мен біреуге ақыл айту мақсатын ұстанған жоқпын. Біз қариясын қадірлеген халықпыз. Ендеше, осы мәселе төңірегінде газет оқырмандары да өз пікірін білдірсе, жөн болар еді деп ойлаймын.