Шымкентте Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Кезекті кездесу қалалық онкологиялық орталықта өтті. Жиын барысында жаңа заң жобасының мазмұны жан-жақты талқыланып, оның негізгі басымдықтары түсіндірілді. Дәрігерлер де құжаттағы өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді.
Жаңа Ата заңның жобасына отбасы құндылығын дәріптейтін маңызды қағидалар енгізілген. Онда кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың қартайған әрі еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық көрсетуі міндеттеледі. Сарапшылар бұл норманы егде жастағы азаматтардың тағдырына бейжай қарамауға шақырып, қоғамдағы әлеуметтік түйткілдердің алдын алуға бағытталған қадам деп санайды.
Онколог дәрігерлер де бұл бастаманы құптайды. Айтуларынша, ауыр дертке шалдыққан науқастар үшін жақындарының, әсіресе балаларының қолдауы өте маңызды. Мамандар Мемлекет тарапынан емделуге жағдай жасалғанымен, отбасының жанашырлығы мен көмегі әрдайым қажет екенін атап өтті.
ДӘУЛЕТБЕК ЖҰМАҒАЛИ, ҚАЛАЛЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Онкологиялық аурулардың соңғы сатыларында өте қиын жағдай болады. Бірақ бұны да өкімет шешіп отыр. Соңғы 5 жылда бізде полеативті бөлім деген аштық. Оның негізгі мақсаты осы соңғы жағдайдағы ауруларды күту. Аурулар соңғы өмірінде қиналмастан, барлық жағдайды туғызу».
Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған жиын барысында салаға қатысты да өзгерістер айтылды. Дәрігерлер жаңа ата заң жобасында ақ халаттылардың мүддесі жақсы қорғалғанына қуанышты.
ДӘУЛЕТБЕК ЖҰМАҒАЛИ, ҚАЛАЛЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Дәрігерге көрсетілген қысымдар бәрі заңды түрде реттеліп жатыр. Енді жай ғана айыптан басталып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Я болмаса жұмысқа жүктеу арқылы, егер қысым көрсететін болса»
Айта кетсек, Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткізу жөніндегі жарлыққа қол қойған еді. Енді 15 наурыз күні ел азаматтары ұсынылған өзгерістерді қолдау немесе қолдамау жөнінде шешім қабылдайды.
Лаура Бабас






