Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында С.-ға қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен (ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға күтім жасау және оларды күтіп-бағу жөніндегі шараларды орындамауы) әкімшілік іс қаралды.
2025 жылы қараша айында С.-ның 2011 жылы туған ұлы А. анасына тиесілі Hyundai KONA автокөлігін рұқсатсыз айдап кетіп, Шымкент қаласы Сауле мөлтек ауданында, Наурызым мен Ақжарма көшелері қиылысында жазатайым бөтен автокөлікпен байқаусызда соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасаған.
Сотта С. өзінің кінәсін мойындап, өкінетінін айтып, өзіне қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Сотта С.-ның кінәсі өзінің мойындауымен қатар, хаттамамен және түсініктемелермен дәлелденеді.
Сот, анықталған мән-жайларға сүйене отырып, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін мойындағанын, өкінгенін, қамқорлығында кәмелетке толмаған төрт баласы барын ескере отырып, ӘҚБтК-нің 819-бабы 2-бөлігінің негізінде әкімшілік айыппұл сомасын айыппұлдың жалпы сомасынан отыз пайызға қысқартуға болады деп есептеді, ал жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталмағанын ескеріп, С.-ны 127-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 25 950 теңге айыппұл жазасын тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енген.







