Оңтүстікте кітапханалар арасындағы байқау өтті

620
Оңтүстікте кітапханар арасындағы байқау өтті
Бір қызығы, қазылар алқасының құрамы облыстық А.С.Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлерімен толыққан

Қаламыздағы А.С.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханада «Кітап және оқу» атты облыс кітапханашыларының V аймақтық форумы өтті. Форум «Туған өлке – тұнған шежіре» атты облыстық өлкетану байқауымен жалғасын тапты. Ауқымы кең шараға 15 ауданның кітапханалары қатысып, ауданнан шыққан атақты тұлғалар мен белгілі табиғат орындарын көрсетіп, слайд, флешмоб, библтрейлер, кинобейне, сюжет, роликтер көрсетілді. Айта өтейік, сайыс электронды үлгіде өрбіді. Әдеби шараны көпшілік іс-шара ұйымдастырушы Балнұр Сәпиева ұйымдастырды. Жас та болса іс-шараларды ұршықтай иіріп, ұйымдастырып жүрген ару бұл күні де көпшіліктің көңілін баурады. Сахна төрінде алғаш болып, Бәйдібек ауданы кітапхана ұжымының тырнақалды еңбектері тамашаланды. Жеткен жетістіктері де ашық көрініс тапқан электронды бекнемәлімет ауданның тыныс-тіршілігінен аздап болса да сыр шертті. Арыстан шыққан жазушы, сатирик С.Адамбековтың рөлін сомдаған арыстықтар көрермендер мен әділ-қазылар мүшесінің көздеріне жас ұялатып, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал бір айта кетерлігі, қазылар алқасының құрамында тек облыстық А.С.Пушкин атындағы ғылыми-кітапхананың ұжымы ғана болды. Әрине, келген оқырмандар ұйымдастырушылар аталған кітапхана болғанымен, бағалауға келгенде зиялы қауым өкілдерін араластыру қажет еді деген уәждерін айтты. Сонымен, додаға аталған кітапхананың автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Шерматов Нұрғали, кітап толықтыру бөлімінің меңгерушісі Арыстанова Асылзат, библиография бөлімінің меңгерушісі Аманова Айлыгүл төрелік етті.

Асылзат Арыстанова, қазылар алқасының төраймы: «Ия, биылғы кітапханалардың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі жасаған жұмыстары мен бейнероликтері дәлел болып отыр. Әсіресе, Арыс қаласынан келген кітапхана ұжымына тәнті болып отырмыз. Себебі, өте жоғары деңгейдегі жұмыстарын ұсынып, оқырмандарымен келіпті бүгінде. Оқырмандары да жеңіс тұғырынан көрінуін тілеп, тілеуін тілеп отыр. Қарап отырсақ, бүгінгі кең жолақты интернет дамыған заманда оқырманды кітапқа баулудың өзі шеберлік дер едім. Сондықтан бүгінгі кітапханашыларға да айтар алғысым шексіз. Ең бастысы, оқырмандар – келген көпшілік біздің бағалауларымызды көріп отыр. Көз алдында бағалап, жасаған жұмыстарын талдап, пікір білідіріп те отырмыз. Сондықтан, ешқандай олқылық болады деп ойламаймын. Алайда менің ойымша, өзге өңірлерге қарағанда, Оңтүстікте кітапқа деген қызығушылық пен құрмет ерекше!»

Сонымен, байқаудың бас жүлдесін (қысқа толқынды пеш)Арыс қалалық кітапханасы қанжығасына байлады. І орын (ыдыс-аяқ) Сайрам аудандық кітапханасына бұйырды. ІІ орын (ыдыс-аяқ) Сарыағаш аудандық кітапханасы мен Шардара аудандық кітапханасы лайық деп табылды. Ал ІІІ орынды (ұялы телефон) Қазығұрт аудандық кітапханасы, Кентау қалалық кітапханасы және Шымкент қалалық кітапханасы

өзара бөлісті. Ат аталымдаға келсек:

«Ең креативті» – Созақ ауданы

«Ең заманауи» – Түлкібас ауданы

«Ең актуальды» – Төлеби ауданы

«Азаматтық ұстаным» – Түркістан қаласы

«Жас патриоттар» – Бәйдібек ауданы

«Еңбекқор» – Мақтарал ауданы

«Өлкетану – тарихшылары» – Отырар ауданы

«Саяси мәдениеттілік» – Ордабасы ауданы кітапханалары иеленді. 

Сағила Кенжеханова, Арыс қалалық кітапхананың директоры, бас жүлде иегері: «Біздің Арыс өңірінен көптеген таланттар туған. Мәселен, сазгер-әнші, тек Арыстың ғана емес елінің ұлы болған Ержан Серікбаев. Өнерімізді де паш ететін осы кісінің әндерінен бастап отырмыз бар сайысқа деген ұсынымымызды. Сонымен қоса, Адамбековтың қойылымын қоямыз оқырмандарымызбен бірге. Бұл азаматқа да биыл 90 жыл толып отыр. Өмірбаянынан да сыр шертетін дүниелер ұсынудамыз. Арыстың 5 батырын да атамыз бүгін. Біз Арсымыздың тұлғаларын, шежіресімен мақтанамыз! Ал енді мақсаты туған жер, туған өлке, оқырман жүрегі болып отырғандықтан, бүгінгі байқауда біз де кітапты насихаттап отырмыз. Себебі, дәл қазіргі уақытта көпшілік қауым кітапханаға келуге ерінеді де интернетке үңіледі. Бірақ менің айтпағым, жаңалықты осы желіден іздеуге болады -ақ. Алайда тарих-шежірені осы интернеттен табу ақылға қонбайды. Толық нұсқасын таба алмайды. Сол үшін де, нағыз рухани байлықтың кеніші кітапханаға бас сұғу баршамыздың міндетіміз дер едім».

Айта өтейік, «Кітап және оқу» атты облыс кітапханашыларының кезекті форумы кедесі жылы жалғасын табатын болады.