Асқабақтың құрамындағы ақуыздар, каротин, кальций, темір, магний, фосфор және A, B1, B2, PP және C дәрумендері, ағзадағы зат алмасу процесін жеделдететін Т және қанның ұюына ықпал ететін К дәрумендері барын білесіз бе?
Денсаулыққа пайдасы
Асқабақ әсіресе асқазаны ауыратындарға таптырмайтын дәрі. Сонымен бірге жүрегі әлсіздерге, түрлі аурудан жүдеп, шаршағандарға қуат беретін бірден-бір пайдалы ас. Асқабақтың ішіндегі жұмсақ жерін, яғни «етін» күйген денеге таңуға да болады. Мұны дәрігерлер де мақұлдайды. Отқа, ыстық суға күйіп қалғандар үй жағдайында асқабақтың сары етін алып таңса болғаны.
Мың да бір ауруға дауа болатын асқабақтың пайдасын айтып тауысу мүмкін емес. Ол:
– көзі нашар көретіндерге;
– қаназдыққа (анемия);
– семіздікке;
– несеп-жыныс жүйесінің көптеген ауруларына;
– өт айдауға;
– бүйрекке;
– паразиттерді жоюға КӨМЕКТЕСЕДІ.
Науқастарға жарасын таңуға кеңес береді. Асқабақ көру қабілеті нашарлағандарға, қаназдықтан жапа шегетіндерге көмек бере алады. Құрамындағы жасанды талшықтың арқасында артық салмақтан арылғысы келетіндер үшін де таптырмайтын ем.
Асқабақ ағзаны шлактан тазартып, зат алмасуды тұрақтандырады. Несеп-жыныс жүйесінің көптеген ауруларын емдеуге көмектеседі. Несеп айдаушы, қабынуға қарсы, өт айдағыш қасиеті бар және де паразиттерді жояды.
Асқабақтан ас дайындап үйренейік
Пайдасына көз жеткіздік. Үйде асқабақты көбіне мантықазанға салып, буға немесе суға қайнатып жеуді бәріміз де білеміз. Ал оны фарыштап, арнайы пешке салып пісіріп жеуді білесіз бе? Білмесеңіз үйретейік. Бұл ас әрі пайдалы әрі дәмді, тіпті қонаққа ұсынар ерекше мәзіріңіз боларына сенімдіміз. Сонымен…
(1 Сурет) Асқабақтың сыртын жуып, ортасын ойып, ішіндегі пістелерін тазалаймыз.
(2 сурет) Алдын ала жуып, тазаланған күріш, ұсақталған ет, пияз, тұз, түрлі дәмдеуіштер қосылып дайындалған фаршты саламыз. Ескерте кетейік, фаршты өз қалауыңыз бойынша дайындауға да болады. Мысалы, мейіз қосып, ұсақталған картоп, сәбіз, тіпті қызанақты турап араластырсаңыз да болады. Бұл тәбетті ашар ас болуына мүмкіндік бермек.
Ескерту: Асқабақтың ортасына салынатын ет, пияз, түрлі дәмдеуіштерді алдын ала аз ғана майға бір қуырып алуға да болады.
Ішіне фарш салынып болған соң, ортасын ойып қойған абзал. Ойыққа мөлшерлеп су құйыңыз. Ол күріштің пісуі үшін қажет. Болмаса күрішті алдын ала суға бір қайнатып алып ет, картоптармен араластыруға да болады. Бұл асыңыздың тез пісіп, шикі болып қалмауына кепілдік бермек.
(3 сурет ) Дайын болған асқабақты газ плитаның астыңғы пешіне, болмаса түрлі электрлі пештерге салып пісіруге болады.
Ескерту: пештегі асқабақтың сыртқы қабығы қызарып, күйіп бара жатқандай болуынан қорықпаңыз. Солай болуға тиісті. 25-30 минуттан соң шанышқымен немесе асханалық істікпен шұқып тексеріп көруге болады.
(4 сурет) Піскен асқабақты дастарқанға сыртқы қабығын ашып та әкелуге болады. Торт, пирог кескендей етіп әр бөлікке бөле отырып, дастарқан басындағыларға жеке-жеке тәрелкеге салып ұсынған жөн.
АСЫҢЫЗ ДӘМДІ БОЛСЫН! ПАЙДАЛЫ АС ЖЕП ҮЙРЕНЕЙІК!
Асқазаныңыз қыжылдаса…
1 Егер дәрігерлік тексерулер сіздің асқазаныңызда қышқылдың жоғары екенін анықтаса, асқынудың алдын алу үшін кәдімгі араның балын пайдаланыңыз. 30-35 грамм балды стакандағы жылы суға салып ерітіп, тамақ ішуден 1,5-2 сағат бұрын, болмаса тамақ ішіп болған соң 3 сағаттан кейін ішіңіз.Бал қосылған суды күніне 3 рет ішесіз. Бірақ есіңізде ұстаңыз, бұл емді қабылдап жүргенде басқа тәттілерді қолданбау керек.
Егер асқазан қышқылы тым жоғары болса, балды суды таңертең ішіп, оған мүмкіндігінше сүзбе, болмаса сүт қосу керек.
2 Кәдімгі картоптың сөлін сығып алыңыз да стаканның төрттен бір бөлігін толтырып тамақ ішуге жарты сағат қалғанда күніне үш рет ішіңіз. Күн өткен сайын бұл мөлшерді көбейте беруге болады. Емделу мерзімі 4-5 апта. Асқазандағы қыжыл қайтады.
3 Асқазандағы қышқылды тауық жұмыртқасының ақуызы айтарлықтай қалпына келтіре алады. Жұмыртқаның ақ бөлігін тамақтың алдында салқындатылған қалпында ішеді. Асқазан аурулары асқынғанда тауық жұмыртқасының белогынан буға пісіріліп дайындалған амлет аса пайдалы.
4 Суға немесе сүтке пісірілген асқабақ ботқасы асқазан қышқылының азаюына әсерін тигізеді. Сол үшін асқабақтың ұзаққа шыдайтын түрін алып, үйіңізде сақтасаңыз қажет кезінде пайдасын көре аласыз.