Оңтүстiктiң өрелi азаматы

Оңтүстікте Айтахановтың қолтаңбасы көп
Оңтүстікте Айтахановтың қолтаңбасы көп
Оңтүстікте Айтахановтың қолтаңбасы көп

Облыс орталығында ауылшаруашылығына байланысты үлкен жиын өтiп жатқан-ды. Облысымыздың аудандарынан келген әрбiр саланың басшылары ауылшаруашылығын өркендету мәселелерi бойынша өз ойларын ортаға салуда. Мiнбеге ортадан жоғары бойы бар, қыр мұрынды, қалың қасты, ақсары, кескiн-келбетi келiскен жiгiт шықты. Даусы да ашық. Отырғандарды тез өзiне баурап алды. Қағазға қарамайды. Үнi жiгерлi. Қазығұрт атырабын көркейту, биязы жүндi қойдың өнiмдiлiгiн арттыру жолында айтқан ұсыныстары көңiлге қонымды. Кеңесте отырған қай-қайсымыз болсақ та оның ой орамының тереңдiгiне, әрбiр сөздiң мәнерiн көрiктендiретiн шешендiгiне риза болғандай сезiм бойымызға ұялағаны кездейсоқ емес.

Мiне, сол 1980 жылдың басынан бастап Қуаныш Айтаханұлының өмiр жолы көз алдымда. Мен ол кезде «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде жауапты хатшы едiм. Кейiнiрек Қуаныш Шардара аудандық Кеңесi атқару комитетiнiң төрағасы болып сайланды. Қуаныш бұл жұмыста да жаңа қырынан көрiне бiлдi. Шардара сияқты жаңа игерiлiп жатқан аймақтың қыры мен сырын дөп басып, өзiнiң iскерлiгiмен көрiне бiлдi.

Қандай да бiр iстiң көзiн табуда, кейбiр шешуi мүмкiн емес мәселелердi орындаудың жолын iздеуде Қуаныш өзiне ғана тән шеберлiкпен, бiлгiрлiкпен тұйықталған түйiндi ширатып, алдыңа жайып салады. Қайнаған шiлдеде қалауын тауып қар жаудыратын, түкiрiгiң жерге түспейтiн қақаған қысты шуақты күнге айналдыратын қасиеттерi Шардара ауданында қызмет атқарып жүрген кездерде жиi-жиi көзге түстi. Бiздер, оның замандастары мен әрiптестерi, оның осындай табандылығына, тапқырлығына риза боламыз. Журналистер онымен кездесiп, әңгiмелесуге өте құштар болатын. Өйткенi ол тiлшiлердiң сауалдарына тиянақты, сауатты жауап бере отырып, оларға беймәлiм мәселелердi түсiндiруде де өзiнiң бiлiмдiлiгiн анық байқататын.

Қуаныштан өмiр тәжiрибесi де, атақ-абыройы да жоғары азаматтар баршылық едi. Мiне, солардың қатарынан ойып орын алу – Қуаныш үшiн оңай шаруа емес-тi. Алайда, ол атақ үшiн, мақтан үшiн емес, туған Қазақстанын түлету үшiн, халқының тұрмысын жөндеу үшiн, ауылдың сән-салтанатын арттыру үшiн еңбегiн аямады. Атаққұмарлар мен кеудемсоқтар қаншама қызғанышпен қызыл көздерiн қадағанмен, оның жолына тұзақ құра алмады. Ақ дидарлы, ақсары жiгiт таза еңбегiнiң арқасында халқының сүйiктi, сүйкiмдi ұлдарының қатарына еркiн қосылды.

Қ.Айтахановтың ұйымдастыру қабiлетiн байқаған облыс басшылары оны Қазығұрт аудандық Кеңесi атқару комитетiнiң төрағалығы, облыстық агроөнеркәсiп комитетi төрағасының бiрiншi орынбасары, Арыс қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметтерiне жiбердi. Ол бұл сындардан да сүрiнбей өттi. Ауданның, облыстың, қаланың экономикасын өркендету жолында кеңестiк дәуiрдiң iскер, принципшiл, алғыр тұлғаларының бiрi болды.

Елiмiз тәуелсiздiк туын желбiретiп, егемендiкке ие болған тұста да ол өндiрiстi ұйымдастырудың қас шеберi екендiгiн тағы да дәлелдедi.

Ертеде қариялар айтып отырушы едi, «Әр адам дүние есiгiн ашқанда аспанда бiр жұлдыз пайда болады» деп. Олардың бiреуi көмескi әрең-әрең көрiнедi, ендi бiрi көзге көрiнедi, бiрақ жан-жағына нұрын шашпайды. Ал ендi бiрi жарқырап, жан-жағын нұрға бөлеп, көздiң жауын алып, айсыз аспанда күмiстей жалтылдайды. Әлгi емiс-емiс көрiнетiн жұлдыз иелерi өмiрде де ешкiмге көлеңке бола алмайтын, отбасында қалтаң-құлтаң етiп жүретiндер, ал көзге көрiнiп, нұрын шаша бермейтiндердiң иесi өз отбасынан артыққа жақсылық жасау қолынан келмейтiн, өзiнiң тiршiлiгiне өзi ие адамдар екен де, жан-жағына нұр шашып, күмiстей құлпырып, аспанда жарқырап тұрған жұлдыздардың иесi бүкiл елге қамқорлық жасайтын, халқы үшiн қасық қанын да аямай, бар еңбегiн елi мен халқының мүддесi үшiн жұмсайтындар екен. Сондай жұлдыздардың иесi – Қуаныш iнiмiз болса керек. Ол бүкiл саналы өмiрiнiң бәрiн халқына, елiнiң еңсесiн көтерiп, тәуелсiздiк туының көгiмiзде еркiн желбiрей түсуi үшiн жұмсап келе жатқан айтулы азамат, айрықша тұлға.

Көзiнде оты жанған, жүрегiнде шоқ маздаған Қуаныш Айтаханұлы егемендiктiң алғашқы күндерiнен бастап-ақ еңбектiң қызу майданының бел ортасында болды. Кеңестiк дәуiрдегi байланыстардың бәрi бұзылып, елiмiздегi жағдай күрт төмендеп тұрған уақыттарда халықтың жiгерiн мұқалтпай, болашаққа деген үмiтiн жасытпай, Қазақстанның туын жықпай қайсар қас батырлардай топты жарып, қиыннан жол табатын билердей елiнiң еңсесiн түсiрмеген санаулы азаматтардың қатарынан бiз Қуаныш Айтаханұлының белсендi қимылын, жасындай жарқын үнiн жиi естiдiк. Арыс қаласының, Созақ, Сайрам, Отырар аудандарының әкiмi сияқты аса жауапты мiндеттердi атқарғандағы еңбектерi, жасаған игiлiктi iстерi, мүмкiн емес мәселелердi табандылығының, талапшылдығының арқасында жүзеге асырып, мамандарды мақсатты iске бағыттап, халықты жұмылдыра бiлу қасиеттерi Қуаныштың ғана қолынан келетiн, соған ғана жүктелетiн ғаламат жауапкершiлiк едi.

Бүгiнгi күндерi Қуаныш әкiм болған қала мен аудандарға бара қалсаңыз, оның қолтаңбасы көздiң жауын алады. Тамаша саябақтар мен гүлзарлар, сәулеттi мәдени-тұрмыстық жайлар, кең де жарық, әсем де әдемi көшелер, түрлi тарихи ескерткiштер «мен мұндалап» шақырып тұрады. Осы жерде Қуаныш әкiм болғанын дәлелдеп тұратын сән-салтанаты жарасқан атқарылған жұмыстарға ризашылық сезiм ерiксiз бойыңды жаулап алады.

Ал сенаторлық қызметтi атқарып жүрген белесте Қуаныштың таланты екiншi қырынан көрiндi. Ол Үкiметтiң алдына мәселе қойып, оның орындалуына бақылау жасаған кездердегi қайсарлығын, ой толғамының тереңдiгiн, аса мәндi сөз ұйқастарын нәшiне келтiре жеткiзу шешендiгiн теледидардан естiп, көзбен көрiп, Оңтүстiктiң өрелi азаматының халқы үшiн, оның iшiнде Оңтүстiк өңiрi үшiн небiр нарқасқа, марқасқа тұлғалардың арасынан семсерше жарқылдаған сәттерiн көрген сайын оған көңiлiмiз толып, марқайып, мақтанып отырғанымызды қалайша тiлге тиек етпеймiз.

Мәселен, Қуаныш Айтаханұлы ҚР Премьер-министрiнің алдына мынадай мәселе қойғанын баспасөзден оқып бiлдiк.

«Республикамызда тарихи ескерткiштер мен әулие-әмбиелерi көп, туризмдi дамытуға қолайлы аймақтар баршылық. Солардың бiрегейi – Отырар ауданындағы Арыстанбаб пен Түркiстандағы Қожа Ахмет Иасауи бабаларымыздың кесенелерi.

Халық санасында – «Арыстанбабқа барып түне, Әзiретi Сұлтаннан тiле» деген ұғым бекер қалыптаспаған.

Ежелден зиярат етушiлер мен туристер алдымен тарихи көне қаланың орны – Отырар төбенi, Отырар мемлекеттiк-археологиялық мұражайын көрiп, бабтардың бабы – Арыстанбабқа түнеп, зиярат жасаған соң Түркiстанға Қожа Ахмет Иасауиге барып тiлек тiлейдi.

Елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi зиярат жасаушылар мен туристер саны жыл сайын еселеп арта түсуде…

Алайда, 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджеттiң жобасында туризм инфрақұрылымын құру және дамыту бағдарламасы бойынша көне Отырардың туризм инфрақұрылымын дамытуға ешқандай қаржы бөлiнбеген.

Үкiмет басшысының алдына өте орынды мәселенi қойып отыр ма? Қойып отыр. Егер сол жерде Қуаныш болмаса Отырар қаражаттан құралақан қалары ақиқат едi.

Мұндай мысалдарды ондап, жүздеп келтiруге әбден болады.

Ұзақ жылдар бойы ел басқарып, қоғамдық жұмыстарда жарқылдай көрiнiп жүрген, халық қалаулысы деген қасиеттi атқа қылаудай да кiр келтiрмеген елжанды азаматты «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалының саяси кеңесi ҚР Парламентiнiң Сенатына депутаттыққа кандидат етiп екiншi рет ұсынды.

Мен өзiм бұл ұсынысты екi қолымды көтерiп қолдадым.

Қолдап қана қойған жоқпын. Қуаныштың өзi:

– Байеке, Сенат депутаттығына үмiткер ретiнде тiркелдiм. Ендi насихат жұмысы да басталғалы тұр. Маған сенiмдi өкiл болсаңыз, – деген тiлегiн айтқанда, мен ешқандай уәж айтпай, келiсiмiмдi бердiм.

Халық қалаулылары – облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары басым дауыспен Қуаныш Айтахановты ҚР Парламентi Сенатының депутаты етiп екiншi рет сайлады. Өйткенi ел тағдырын, оның қазiргi тынысы мен болашақ тiршiлiгiн елi, халқы үшiн аямайтын, қолынан iс келетiн, айтар сөзi, қояр талабы бар Қуаныш Айтаханұлы сияқты қайраткерлерге әбден сенiп тапсыруға болатынын олар да бiлдi, жүрегiмен сезiндi.

Халық қалаулылары өз таңдауын жасағанда, титтей де қателескен жоқ. Бұл күндерi Қуаныш Парламент төрiнде халқының, елiнiң тағдыры, тұрмыс-тiршiлiгi үшiн бар күш-жiгерiн жұмсап, сенаторлардың алдыңғы сапындағылардың қатарында екенін көзiмiзбен көрiп, әрбiр iс-қимылына көңiлiмiз толып жүргенiне Қазақстан жұртшылығы куә. Абыройың асқақтап, еңбегiң жанып, халық құрметiне бөлене бер, Оңтүстiктiң өрелi, өрендi азаматы!

Байдулла ҚОНЫСБЕК, ҚР құрметтi журналисi, ОҚО құрметтi азаматы