Жер сілкінгенде не істеу керек?

Қазақстанның барлық аумағының 18%-ы сейсмологиялық аймаққа жатады. Бұл аумақта 6 млннан астам халық тұрады. Соның ішінде 1,7 млн халық 9 балдық жер сілкінуі мүмкін делінген аумақта тұрып жатыр. Мысалы Алматы. Ал 8 балдық зілзала орын алуы мүмкін деген аумақта 1,1 млн халық бар. 7 балдықта 2 млн, 6 балдықта 1,2 млн. халық тұрады.

Біле жүрген абзал. «Сақтансаң сақтайды» деген. Соңғы кезде әлемнің әр елінде жер сілкініп, зардап шегіп жатқан халық туралы ақпарат жиілей түсті. Арыға бармай-ақ, биылдың өзінде Алматы облысында бірнеше жер сілкінісінің тіркелуі, осыған байланысты ел арасындағы түрлі қауесет тұрғындардың мазасын кетіргені де рас. Айта кетейік, 2011 жылы мамырдың 1-і күні бір тәулік ішінде Алматы облысында 10 рет жер асты дүмпуі орын алған-ды. Шымкент қаласы да сейсмикалық белсенді ауданға жатады. Құдай жамандықтың бетін аулақ қылсын. Дегенмен, кез келген жағдайға дайын болғанымыз абзал.

Қазақстанның барлық аумағының  18%-ы сейсмологиялық  аймаққа жатады.  Бұл аумақта 6 млннан астам халық тұрады. Соның ішінде 1,7 млн халық 9 балдық жер сілкінуі мүмкін делінген аумақта тұрып жатыр. Мысалы Алматы. Ал 8 балдық зілзала орын алуы мүмкін деген аумақта 1,1 млн халық бар. 7 балдықта 2 млн, 6 балдықта 1,2 млн. халық тұрады.
Қазақстанның барлық аумағының 18%-ы сейсмологиялық аймаққа жатады. Бұл аумақта 6 млннан астам халық тұрады. Соның ішінде 1,7 млн халық 9 балдық жер сілкінуі мүмкін делінген аумақта тұрып жатыр. Мысалы Алматы. Ал 8 балдық зілзала орын алуы мүмкін деген аумақта 1,1 млн халық бар. 7 балдықта 2 млн, 6 балдықта 1,2 млн. халық тұрады.

Өзіңді қалай ұстаған жөн?

Жақындарыңды аман сақтап қалудың амалы қандай? Мамандар әрдайым апатқа дайын болу қажеттігін ескертеді. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ жер сілкінісі болды делік. Мәселен, өзіңіз жұмыста, ал балаларыңыз мектепте не болмаса балабақшада болса, құтқару бағытын ой елегінен өткізіп көргеніңіз абзал. Жанұяңызбен отырып тығылу үшін қай жер қауіпсіз, жер сілкінісінен кейін қайда жолығу керек, тағы басқа да сондай түйткілді алдын ала шешіп алған дұрыс. Мұндай жоспар арқылы апатты жағдай орын алған кезде қалай қимылдауды біліп, отбасыңызды да түрлі жағдайға дайын болуын үйретесіз. 6 балдық жер дүмпуі кезінде көп жағдайда байланыс желілерінің үзілуі мүмкін екенін, ал 7-8 балда байланыс желілерінің толықтай үзілетінін ескеріңіз. Сондықтан, алдын ала дайындалған жоспар апатты жағдайда өміріңізді сақтауға көмектесетінін естен шығармаңыз.

Не істеу керек?

Егер жер сілкінісі басталса, байбалам салып, өзіңізді де, жұртты да дүрліктірмеңіз. Көп қабатты үйдің бірінші қабатында немесе жер үйде тұрсаңыз, тез арада ғимаратты тастап шығуға тырысыңыз. Себебі, әлсіздеу бірінші дүмпу мен күштірек екінші дүмпудің аралығы 15-20 секундқа ғана созылады. Содан соң бірден ғимараттан алысырақ, ашық жерге шығуға асығыңыз.

Ал егер екінші қабатта немесе одан биігірек орналасқан болсаңыз, ғимарат ішінен шықпаңыз. Үлгере алмауыңыз мүмкін. Жер дүмпуінің тоқтауын күту үшін қауіпсіз жерді алдын ала анықтап алғаныңыз жөн. Мұндай орын ретінде қабырғаның ішкі іргесін, бұрышты алуға болады. Құлайтын ауыр заттардан қорғану үшін, үстел мен кереуеттің астына тығылуға болады. Сонымен бірге, жуынатын бөлмедегі ваннаның ішіне немесе астына тығылып, мойныңыз бен басыңызды жастық немесе киім-кешекпен қымтап қою да көмектеседі.

Көп қабатты үйде баспалдаққа бастайтын есікті ашып, есік жақтауына тұруға болады. Мектеп немесе университетте болсаңыз, партаның астына тығылыңыз. Терезеге бетіңізді теріс қаратып, қолыңызбен басыңызды жабыңыз.

Жер сілкінісі кезінде кез келген ғимарат ішінде терезеден немесе баспалдақтан аулақ болуға тырысыңыз. Есіктің алдында кептеліс жасауға, бірінші қабаттан жоғары орналассаңыз, терезеден секіруге, лифтке кіруге болмайды. Өйткені, күшті жер дүмпуі кезінде, көбіне, электр қуатын беру жүйесі автоматты түрде тоқтайды.
Дүкен сияқты қоғамдық орында болған жағдайда, ғимарат ішінен шығатын есікке қарай жүгіру дұрыс емес. Бұл – өте қауіпті. Өйткені, жан-жақтан витриналар қирап, шыны сынықтары ұшуы мүмкін, сонымен бірге, шығар есіктің алдында кептеліс орнауы да ғажап емес. Ең дұрысы, бетіңізді төмен қаратып, басыңызды сөмкемен немесе пластикалық папкамен жауып, аяғыңызды ішке бүккен күйі тырп етпестен жатыңыз.

Егер мүгедек арбасында болсаңыз, арба доңғалағын қатырып, басыңызды жабуға тырысыңыз.
Жер дүмпуі басталғанда көлік ішінде болсаңыз ғимараттан, электр жүйесінен аулағырақ кетуге тырысыңыз. Автокөлігіңізді жолдың шетіне қойып, жер асты дүмпуі аяқталғанша, салоннан шықпаңыз.

Егер жер сілкінісі кезінде көшеде болсаңыз, ашық алаңқайда қалыңыз. Ғимаратқа жақындамағаныңыз абзал. Ашық жер ең қауіпсіз орын екенін есте ұстаңыз.

Сонымен қатар, ғимаратқа таяу жерде қалуға мәжбүр болған жағдайда қабырғаның бөлігі, кондиционер компрессоры, шыны сынығы және электр желілерінен сақтаныңыз.

Жер сілкінісінен кейінгі әрекет қандай болмақ?

От жағып, электрді (электр жарығын немесе электр құрылғыларын) қоспаңыз, себебі газ жайылған жағдайда ұшқынның өзі жарылысқа алып келуі мүмкін. Ғимарат ішінен шығып, ашық алаңқайда қалуға тырысыңыз. Үйден шықпас бұрын басты газ краны мен пәтердегі электр жарығын өшіруді ұмытпаңыз. Сонымен қатар, бүкіл үйді көгілдір отынмен қамтитын басты газ кранын сөндіру өте маңызды. Көгілдір отынмен қамтуды тек арнайы қамту жүйелері мен крандарды тексеріп болған соң ғана тиісті мамандар қоса алады.

Қираған немесе зақымданған ғимараттарға инженер-құрылысшының рұқсатынсыз (тек зардап шегушілерді құтқару үшін немесе іздеу үшін болмаса) кіруге болмайды. Радионы (мәселен, көлік ішінде) тыңдап тұруды ұмытпаңыз. Бұл сіздің керекті ақпарат пен нұсқау алуыңыз үшін қажет.

Қирандының астында қалғандарға көмектесіңіз

Егер сізден алыс емес жерде қирандының астында қалған адамдар болса, алдымен жағдайды бір ой елегінен өткізіп алыңыз. Ауыр заттарды көтеруге арналған тұрмыстық құрал-жабдықтарын қолдана отырып (автомобиль домкраты, сүймен) зардап шегушіні құтқаруға тырысыңыз. Мүмкіндігіңіз болса, алғашқы көмек көрсетіңіз.

Ал егер өзіңіз қирандының астында қалсаңыз, шығуға әрекет жасаңыз. Алдымен тыныс алу жолдарын шаңнан сақтау үшін ауызыңыз бен мұрныңызды киіммен жабыңыз. Өзіңізді құр айғаймен шаршатпаңыз. Құтқарушыларға сигнал беру үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланыңыз. Мұндайда құбырды немесе қабырғаны ұрыңыз. От жағудан аулақ болғаныңыз жөн.

Афтершоктар

Қайталанатын дүмпулерге (автершокқа) дайын болыңыз. Бұл ретте жер сілкінісінен кейінгі екі-үш сағат қауіпті саналады. Дегенмен, афтершок бірнеше тәуліктен соң немесе бірнеше апта мен ай өткеннен кейін де болуы ғажап емес. Анығы – алғашқы жер сілкінісінен ұзағырақ уақыт өткен сайын дүмпулердің қайталану қаупі де азая түседі. Қайта дүмпулер негізгі жер сілкінісінен нашарлаған ғимаратты қиратуға алып келеді.

Шабаданды жинаңыз…

Керек-жарақ салынған сөмкені пакетте немесе су өткізбейтін контейнерде сақтауды естен шығармаңыз. Оның ішінде құжаттар, қосымша ас-ауқат қоры, (уақыт өте жаңалап тұруды қажет ететін консерві) және үш күнге жететін су қоры, алғашқы медициналық көмек үшін дәрі қобдишасы, радиоқабылдағыш, батареялар мен сіріңке (екеуі де көптеу болғаны жақсы), жылы киімдер мен аяқ киімдер болғаны жақсы. Мамандар егер кішкентай балаңыз болса, шабадан ішінен балаңыздың сүйікті ойыншығына да орын тапқаныңыз дұрыс дейді. Жер сілкінісі кезінде және одан кейін бала есеңгіреу жағдайына түседі, ал сүйікті ойыншығы баланы біраз уақытқа дейін көңілін сергітуге мүмкіндік береді.

 

Арман Әсібеков
Арман Әсібеков

Арман Әсібеков, ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі, подполковник

– Алғашқы маңызды ереже – төтенше жағдай кезінде үйден шығып кету үшін ең қажетті заттарыңыз салынған сөмкеңіз дайын болу керек. Оның орнын да нақтылап қойыңыз. Ол жерде сіздің туу туралы куәлігіңіздің, жеке куәлігіңіздің, төлқұжатыңыздың, пәтер (немесе үй) құжаттарының,  көлік жүргізуші куәлігіңіздің, сақтандыру полисіңіздің көшірмелері болуы керек. Басқа да құжаттарыңыздың көшірмесін алып алғаныңыз артық болмайды. Содан кейін, қол шамыңыз, алғашқы көмек көрсету үшін медициналық қобдиша, дәрі-дәрмек, отбасыңыз үшін қажетті жылы киімдер, жамылғыштар, бірер күнге жетерлік, ас-ауқатыңыз, суыңызды алдын ала әзірлеп қойыңыз. Бұларды жинастырып, гаражға, немесе саяжайға сақтауыңызға болады. Егер қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын көршілеріңізбен бірігіп жасасаңыздар да нәтижелі болады.

 

 

Өткенді еске алсақ

Ташкент – 1966 жыл
Ташкент – 1966 жыл

 

1966 жылдың 26 сәуір күні таңғы сағат 5.23 минутта Ташкентте (Рихтер шкаласы бойынша М=5,2) 8-9 балдық жер сілкінісі орын алды. Өзбекстан астанасының алыс аудандарында бұл дүмпудің күші 6 балды көрсетті. 10-12 секундтқа созылған тербеліс Таншкенттің күл-талқанын шығарды. 2 млн шаршы метрлік тұрғын үйдің күлі көкке ұшты. 236 әкімшілік ғимарат, 700 сауда нүктесі мен тамақтану нысаны,181 оқу орны, 36 мәдениет үйі қираған. Сол кезде Ташкентте 1,5 млн халық тұрса, соның 300-і баспанасыз қалды.

Спитак – 1988 жыл
Спитак – 1988 жыл

 

1988 жылдың 7 желтоқсаны Армения үшін орны толмас өкінішке толы күн болды. Мәскеу уақыты бойынша сағат 10.41 минутта Армения ССР-нің солтүстік-батыс бөлігінде 8,2 балдық жер сілкінісі орын алды. Спитак қаласы мен 58 ауыл түгелімен жермен жексен болды. Ленинакан қаласы да зардап шекті. 25 мың адам қайтыс болып, 514 мың адам баспанасыз қалды.

Луговой – 2003 жыл
Луговой – 2003 жыл

 

2003 жылдың 23 мамырында эпицентрі Луговой ауданы болып табылатын Алматыдан 400 шақырым, Тараздан 100 шақырым аумақта жер сілкінді. 7-8 балды құрайтын бұл зілзаладан әсіресе Луговой, Құлан елді мекендері қатты зардап шекті. Афтершоктың белсенділігі 3 балдық күшпен 3 айға дейін созылды. 30 мың халық баспанасыз қалды. 3 адам, барлығы да мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар қайтыс болды.

Экономикалық жағынан алғанда Луговойдағы жер сілкінісі 120 млн АҚШ долларына тең болатын шығын әкелді.