Барлық бала бақытқа лайық! 1 маусым — балаларды қорғау күніне орай әл-Фараби аудандық әкімдігі арнайы іс-шараны бастап та жіберді. Аудан аумағына қарайтын 25 мектептің жетім және тұл жетім, аз қамтамасыз етілген отбасының балаларын зообаққа қыдыртып, балмұздаққа қарық қылды.
Арайлым Тұрсынбаеваның зообаққа келмегеніне жылдан асыпты. №45 мектептің оқушысы әкімдіктің арнайы шақыруының арқасында сүйікті бағына тағы келді. Аз уақыттың ішінде жануарлар бағының түрлі жануарлармен толыққанына куә болған бүлдіршін, ендігі келісінде інісін ертіп әкелмек.
Әкім Нұрбақыт Иманқұлов та, әрбір баламен жеке сөйлесіп, оларға жан жылуын сыйлап жүр. Өйткені, мұндағы әрбір бала арнайы көңіл мен жылуға зәру тағдырдың иесі. Олар былтыр «Кең баба» мен «Қиял әлемінде» қыдырып еді.
Биыл зообаққа жол тарту бұйырыпты. Балғындарды төл мерекесінде қуанту Әл-Фараби аудандық әкімдігінің жылдағы дәстүрі.
Демеушілер жолдаған балмұздақтар да таратылды. Ауданға қарасты өзге де балақайлар түрлі тәтті мен ойыншықтарға 1-маусымға дейін қарық болады деп сендіреді Әл-Фараби аудандық әкімдігіндегілер.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZKrS68HhC4Q[/youtube]