Úı ANONS «Нұрайдың ісі» прокуратураға жолданды

«Нұрайдың ісі» прокуратураға жолданды

Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі прокуратураға жолданды. Алайда жәбірленуші тарап тергеуде кемшіліктер кеткенін айтып, істі қайта тергеуге жіберуді талап етеді. Олар күдіктіге тағылған кейбір айыптар алынып тасталуы мүмкін деп алаңдайды. Марқұмның туыстары Бас прокуратурадан істі жеке бақылауына алуды сұрап отыр. Тараптың уәжі қандай? Толығырақ алдағы сюжетте.

 

Шымкентте өз үйінің маңында кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қылмыстық ісі прокуратураға жолданды. Бұл туралы марқұмның ағасы мен жәбірленуші тараптың адвокаты мәлімдеді. Алайда істің материалдарымен толық танысқан марқұмның туыстары тергеу қорытындысымен келіспейтіндерін айтты. Олардың сөзінше, тергеу барысында берген бірқатар өтініштері қараусыз қалған. Сондай-ақ іс бойынша бірнеше елеулі кемшілік анықталған. Сондықтан олар қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрап отыр.

АЯНХАН ОМАРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ  АДВОКАТЫ: «Зерделегеннен кейін бізде бірқатар сұрақтар туындады. Яғни іс бойынша біздің қаралмай қалған өтінішхаттарымыз анықталды және елеулі кемшіліктер анықталды. Соның бәрін жинақтап, прокурорға шағым келтірдім. Шағымда сол кемшіліктің бәрін көрсетіп, соның орнын толтыру үшін істі қайта тергеуге қайтаруды сұрадым. Алайда бүгінгі таңға дейін бұл шағымға әлі жауап келтірілген жоқ. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергеу әрекеті аяқталғаны туралы есеппен бірге прокурорға жіберілді».

 

Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, мұндай жағдайда іс сотқа толық құрамда жетпеуі мүмкін. Қазіргі таңда 28 жастағы күдіктіге «Аса қатыгездікпен адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылған. Алайда жәбірленуші тарап прокуратура аталған екі бапты — «Сталкинг» пен «Некеге тұруға мәжбүрлеу» айыптарын алып тастауы мүмкін деп алаңдайды. Сондықтан олар Бас прокуратурадан істі өз бақылауына алуды сұрайды.

СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМ НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ: «Үндеу бойынша біз Бас прокурор Берік Асылов мырзаға жіберген болатынбыз. Яғни, осы шағымдардың негізгі мақсаты – үш бап бойынша бекіту, яғни «сталкинг, алып қашу және аса қатігездікпен адам өлтіру». Өйткені қазір материалдардың зерттелуіне байланысты бұл баптар өзгеруі мүмкін, соған біз қауіптеніп отырмыз. Өйткені қазір прокуратура бекітіп берген нәрсе сот барысына тікелей әсер етеді. Қазір бізде Нұрпейісов Сержанның орнына Ахметов Мұхамеджан деген адвокат кірісті. Яғни екі адвокат – Омаров Аянхан және Ахметов Мұхамеджан біздің тараптан шығатын болады».

 

Еске салайық, елді елең еткізген қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешкі уақытта болған. Үйінен дүкенге шыққан Нұрай Серікбайды танысы күштеп ұстап қалып, бірнеше жерінен пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытқан. Күдікті екі күннен кейін ұсталған.

Дилара Иса