Úı ANONS Аутизмі бар балаларға қызмет көрсететін мамандар тапшы

Аутизмі бар балаларға қызмет көрсететін мамандар тапшы

Аутизм диагнозы қойылған балалар арнайы қамқорлық орталығында оңалтудан өтіп жатыр. Қазіргі таңда мұнда 95 бала 70 — ке жуық маманнан білім алып, түзету-дамыту бағдарламаларына қатысуда. Яғни, ерекше білімді қажет ететін балалардың әлеуметтік бейімделуіне жан-жақты жағдай жасау үшін орталық барын салып келеді екен.

Бірақ ата-аналар мамандардың аз екендігін алға тартып отыр. Өйткені, ерекше баламен тікелей жұмыс жасайтын білікті мамандар қажет деп санайды. Орталық бұл мәселені қалай шешіп жатыр?

Соңғы жылдары аутизм диагнозы қойылған балалар саны артып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл бір жағынан дертті ерте анықтау көрсеткішінің жақсарғанын білдірсе, екінші жағынан қоғамда ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.

Мәселен, Индира Отжанова 5 жастағы Дінмұхамедтің анасы. Баласының ерекше екенін 2 жастан асқанда байқаған. Қазіргі таңда түрлі оңалту орталықтарына барып, тиісті ем алып келеді. Айтуынша, орталықтың көмегі баласының күнделікті өмір дағдыларын меңгеруіне және өз-өзіне деген сенімін арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.

ИНДИРА ОТЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Кішкене ауырып ауруханада жатып қалдық. Содан соң откат дейді ғой. Дауысқа қарамай, көзге қарамау, басын ұрып сондай жағдайлар байқалды. Невропотолог, психиатрға барып көрсеттім. Психиатр ЗПР деп диагноз қойды. Азғантай жұмыстың өзі нәтижесін көрініп тұрады. Бұрын атын атасаң, қарамайтын еді. Қазір қарайды. Шартты рефлекстерді айнытпай істейді».

Қазіргі таңда өңірлерде арнайы түзету және оңалту орталықтарына сұраныс жоғары. Ата-аналар балаларын ерте жастан мамандардың бақылауына беруге тырысады. Себебі дер кезінде басталған түзету жұмыстары баланың сөйлеу, қарым-қатынас және әлеуметтік дағдыларын дамытуға оң әсер етеді дейді. Сол үшін орталық мамандары білімдерін жыл сайын шыңдап тұрады.

АЙҒАНЫМ ҚЫСТАУБАЕВА, «ҚАМҚОРЛЫҚ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.У.А: «Қазір ерекше балалардың саны артып жатыр. Білім басқармасының тарапынан Аутизм баршаға әлем орталығының мамандары келіп біздің мамандарды 4 күн бойы оқытып кетті. Теория, практика бойынша көрсетті».

Сала мамандары аутизм үкім емес екенін айтады. Дефектолог, логопед және психологтардың кешенді көмегі арқылы балалар қоғамға бейімделіп, білім алып, өз қабілеттерін дамыта алады. Бірақ, орталыққа балаларын әкеп жүрген аналар бәрібір білікті мамандардың жетіспейтінін айтады. Сөздеріне сенсек, аутист балаларды топтап сабақ өткен дұрыс емес дейді. Әрқайсысымен жеке жұмыс істесе, нұр үстіне нұр болар еді дейді».

ГҮЛНӘРА НАЗАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Менің балам жасы 11 — де. Бұл жерге келіп жүргенімізге 3 жыл болды. Мұндай центрлер бізге көп керек. Себебі балалар өте көп. Сосын бізге мамандар көбірек керек. Елімізде мұндай балалармен жұмыс істейтіндер аз. Шымкентте мұндай «Қамқорлық» орталығы біреу ақ. Жалғыз болып тұр. Сосын АБА терапия қажет. Бірақ бұл жерде жоқ».

Айта кету керек «Қамқорлық» оңалту орталығында робототехника, саз балшық терапиясысы, асхана, түрлі дыбыстық сенсорлы кабинеттер жұмыс істейді. Мұнда балалар, арнайы мамандардың бақылауында болып, қажетті сабақтарды кестемен алады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінге дейінгі мәлімет бойынша ерекше білім беру қажеттілігі бар 13 283 бала бар. Оның 96,8% арнайы психологиялық-педагогикалық түзету көмегін алып жатыр.

Нұргүл Жолымбетова