Úı ANONS Педиатриялық учаскелер қысқартылуда: Балаларды кім емдейді?

Педиатриялық учаскелер қысқартылуда: Балаларды кім емдейді?

Қазақстанда педиатрия саласы үлкен өзгеріс алдында. Енді балаларды бөлек педиатр емес, ата-анасымен бірге жалпы тәжірибелік дәрігер емдейтін болады. Министрлік бұны «отбасылық медицина» десе, сарапшылар «кадр тапшылығы» деп дабыл қағуда. Білікті маман жетпесе, балалардың денсаулығы не болмақ? 

Жыл соңына дейін еліміздегі педиатриялық учаскелер кезең-кезеңімен қысқарады. Енді балалар ата-анасымен бірге ортақ отбасылық дәрігерге қаралмақ. Ал педиатрлар тек арнайы кабинеттер мен даму орталықтарында қалады. Министрлік бұл реформаны «отбасылық принцип» деп түсіндіруде. Яғни, бір дәрігер бүкіл әулетті бақыласа, аурудың алдын алу оңай болмақ дейді. Алайда, сарапшылар бұл шешімнің астарында маман тапшылығы мен оңтайландыру саясаты жатыр деп есептейді.

ӘЛИ НҰРҒОЖАЕВ, САРАПШЫ: «Дәрігер бүкіл отбасының ауру тарихын біліп, бәрін кешенді түрде байланыстыруы керек дейді. Шынымды айтсам, мен бұған сенбеймін. Осы салада 15 жыл жұмыс істеп келемін, бірақ мамандар бұның қаншалықты тиімді екеніне әлі де күмәнмен қарайды. Себебі бізде әр науқасқа әлі күнге дейін жеке-дара қарайтын әдет бар».

Кейбір сарапшылардың пікірінше, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің біліктілігі жеткіліксіз, соның салдарынан балалар толыққанды медициналық көмексіз қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде кішкентайлар арасында түрлі дерттер жиі анықталуда. Ал педиатрия қызметінің әлсіреуі созылмалы аурулардың көбеюіне әкеп соғуы ықтимал.

ҚАЙЫРҒАЛИ КӨНЕЕВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Соңғы 20 жылда оқу бітірген медициналық ЖОО түлектері бала десе зәресі ұшады. Шыны керек, олар балаға қай жағынан келіп, қалай қарауды да білмейді. Сондықтан, ең алдымен медициналық білім беру мен дипломнан кейінгі оқуды жақсарту керек. Жалпы тәжірибелік дәрігерлердің бәрі алдымен педиатр болуы тиіс. Егер бәрі педиатр деңгейінде болса, онда учаскелерді қалағаныңызша қысқарта беріңіз».

Балалар учаскелері қазірдің өзінде азайып жатыр. Бір жыл ішінде олардың саны 1770-ден 1400-ге дейін кеміді. Мамандардың айтуынша, баланы педиатр немесе отбасылық дәрігер емдесе де, ең маңыздысы — медициналық көмектің сапасы төмендемеуі тиіс.

Ботакөз Әнуар