Сайлаудан кейінгі сарсаң! Арыс ауданындағы «Ақдала» ауылдық округінің жұртшылығы жаңадан сайланған ауыл әкімінің қызметінен кеткенін қалап отыр. Айтуларынша, билік тізгінін ұстаған жаңа басшы халықтың мәселесін шешудің орнына қарамағындағы кадрлық ауыс-түйістен қолы босамай жатыр. Ал онсыз да жайылымдық жапырақ жерге зар болған ауылда мал қырылып жатыр.
Егін егіп, мал бағуға жер таппай отырған «ақдалалықтардан» бүгінде маза қашты. Ауыл әкімдерін сайлаудан үлкен үміт күткен ағайынның бүгінде көңілі су сепкендей басылған. Өйткені, «билік тізгінін ұстағанымен ауыл әкімі Ағатай Тәженов ауылдың бас ауруына айналған жер проблемасын шешіп беруге сыңай танытатын емес» дейді тұрғындар. Жайылымның жоқтығынан ауылдағы онсыз да азын-аулақ мал сары аурудан қырылып жатыр.
Алайда, жергілікті биліктің жедел емдік шараларды жүргізіп, жұттың алдын алу қамына қашан кірісетіні белгісіз. Ауылдың көсегесін көгертетін ауылнайға зәру ағайын ауыл әкімін сайлау кезінде жергілікті халықпен санаспаған аудан әкіміне де ашулы.
«Біз діттеген үміткерлер тіпті дауысқа да түспеді. Бізге ауылдық тұрмысты заманауи бағытқа бастайтын жас, білгір басшы керек» дейді ауылдықтар. Ал жергілікті билікті тізгіндеп отырған Ағатай Тәженов ауылдың ахуалынан енді хабардар болып жатқанын айтады. Тұрғындарды тиісті шаралар көрілетініне сендірмек болып, ызалы ағайынды сабырға шақырып әлек.
Арысы мен берісі ат шаптырым жерді алып жатқан шағын ауылдың түйткілді мәселесі — шаш-етектен. Мұнда не жан бағар өндіріс, не мал жаяр өрісі жоқ. «Ақдалалық» ағайынның қалаға ағылғаннан басқа амалы жоқ. ағылғаннан басқа амалы жоқ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=SDsm2xJT9Fg[/youtube]