Шымкентте мәдениет және өнер қызметкерлері күні тойланды (бейнекадрлар)

Концерт Шәмші әлемі гүлзарында өтті

Қыркүйектің соңғы жексенбісі – мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Кәсіби мерекеге орай қаладағы Шәмші әлемі гүлзарына облыстың аудан-қалаларынан өнерпаздар жиналды. Бұл күні «Мәдениетім – мерейім» атты фестиваль қорытындыланды.

Концерт Шәмші әлемі гүлзарында өтті
Концерт Шәмші әлемі гүлзарында өтті

Өзгелер сауық-сайран құрып жүргенде жиналғанды жадырату үшін бір сәт тынбайтын мәдени сала өкілдері өздерінің мерекесінде де өнер көрсетуде. Сондықтан, мейрам деген аты болмаса, оларға бүгінгі күнде әдеттегідей қарбалас. Кәсібі қиын әрі қызық мамандық иелері үшін бір ғана нәрсе қымбат. Ол көрерменннің ықыласы.

Бізді өзге облыстардан өзімізді ерекшелендіріп, озық ететін 8 театр бар Оңтүстікте. Өлкеден қанат қаққан әнші-бишілеріміздің арасында мемлекеттің мерейін асқақтатып жүргендері қаншама. Табиғаты тамаша Оңтүстіктің қылқалам және қолөнер шеберлері, ақын-жазушылары тың туындыларымен талайды таңдай қақтырды. Шығармашыл жандарға тек қолдау болса, болғаны, туған жер әлі сан таланттың тұсауын кеседі дейді көрермен.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=4ET43vqFBkA[/youtube]

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесінде бірқатар сала өкілдері марапатқа ие болды. Осы күні екі ай бойына жалғасқан, өнердің барлық түрін қамтыған аудандар арасындағы «Мәдениетім – мерейім» фестивалі де өз мәресіне жетті. Жүлделі 3-орынды Түлкібас, Ордабасы аудандары бөліссе, 2-орынды Арыс пен Түркістан өнерпаздары алды. Бірінші орынға Сайрам және Төлебидің таланттарына лайық деп танылып, оларға «Нексиа» автокөлігі берілді. Ал бас жүлдеге тігілген «Газель» автокөлігін Сарыағаш ауданының өнерпаздары қанжығаларына байлады.