Тассайлықтар Жібек жолы көшесіндегі бағдаршамның жұмысына наразы

469
Фотосурет ғаламтордан алынды

«Тассай» шағынауданының тұрғындарының өңірде өткен  «Абайлаңыз,балалар» акциясынан  күткені көп еді. Көлік қозғалысы  ағылған Жібек жолы көшесіндегі тозығы жеткен бағдаршам ауысады, жүргіншілер жолы сызбасы мен белгісі орнатылады деп ойлаған.

 

Фотосурет ғаламтордан алынды
Фотосурет ғаламтордан алынды

Алайда жалпы республикалық іс-шарадан кейін де жолдың осы бөлігінде қауіп сейілген жоқ. Алматы бағытындағы күре жолдың осынау бөлігі қиямет қайымдағы қыл көпірмен тең деген тассайлықтар әр оқу жылын жандарын шүберекке түйіп, балаларының амандығын тілеумен өткізеді. Өйткені мұндағы бағдаршам бірде істейді, бірде мүлдем жанбай қалады. Салдарынан қайғылы оқиғалар жиі орын алады.

 Пердебек Ақжолов: «Менің осында тұрып келе жатқаныма 12 жыл болды. Сол аралықта жол апатынан 15 адам қайтыс болды. Мұнда бейнекамера немесе жылдамдық өлшегіш орнатпаса, болмайды.

Адас Жәнібекованың қара жамылғанына бір жыл өтті. Қарт ана немересін еске алып, көзіне жас алып, басқа құлындарымыз аман болсын деген тілегін де жеткізді.

Адас Жәнібекова, қаза болған Балжанның әжесі: «2000 жылы туылған немерем Балжанымды қағып кетті, жолдың үстінде көз жұмды. Балаларымызды қорғау үшін, айналайын, бір шара көріңіздерші».

Жиі болатын жол-көлік оқиғаларына осы маңдағы дәріхананың қызметкерлері де куә. Провизорлардың әріптестерінің бірін осы көше қиылысында көлік қағып кеткен.

 Ләззат Бекбауова, дәріхана қызметкері: «Қаңтарда осы жолда жол апаты болып, бір қызметкеріміз қайтыс болса, екіншісі әлі емделіп жүр. Үш баласы бар, жолдасы осыдан бір жыл бұрын жол-көлік оқиғасында қаза болған».

Облыстық жол полициясының мамандары қандай да бір шара көруге дәрменсіздік танытуда. Өйткені бұл жол Сайрам ауданына қарайды.

 Данабек Мырзабеков, ОҚО ІІД жол полициясы басқармасының аға инспекторы: «Бұл жол Сайрам ауданына қарасты. Қалаға әлі өткен жоқ. Алайда, біз қарап отырған жоқпыз. Бағдаршамның жөнделуі немесе ауыстырылуы жайында әріптестерімізге ұсыныс жасаймыз. Бұл мәселе  жол полициясы басқармасының  бақылауында болады. Он күннен кейін сіздерге жауабын береміз».

Жол полициясындағылар бір-біріне сілтеп жүргенде, жол апатынан тағы біреу қаза болмасына кім кепіл? Жергілікті тұрғындар үлкен үміт күткен «Назар аударыңыз, балалар!» акциясында жолдың осы қауіпті бөлігі ескерусіз қалғаны өкінішті-ақ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=HAAeDDyCeCI[/youtube]