Елу жылдан бері қол ұстасып келе жатыр

Ғани Әбуұлы мен Бегімкүл Мұсалиева

Біздің арамызда үнсіз жүріп-ақ көптеген игі істер жасайтын қарапайым адамдар өте көп. Олар аты шулы әнші де, атақты ғалым да емес. Бірақ та олар өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, талай қиындықты бастан өткерген, өмірге ұрпақ әкеліп, оларға саналы тәрбие беріп, өмірбойы адал еңбек еткен жандар. Тұрақты айдарымыздың бүгінгі кейіпкерлері Шымкент қаласының тұрғындары – Ғани Әбуұлы мен Бегімкүл Мұсалиева осындай жандардың қатарына жатады.

Ғани Әбуұлы мен Бегімкүл Мұсалиева
Ғани Әбуұлы мен Бегімкүл Мұсалиева

50 жылдан бері жұптары жазылмай, үлгілі отбасы бола білген Ғани қария мен Бегімкүл апа 3 ұл, 2 қыз өсіріп, олардан 17 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар.

Отағасы Ғани Әбуұлы 1935 жылы дүниеге келген. Әкесі Әбу 1941 жылы соғысқа кетіп оралмаған. Ол кезде бала Ғанидің жасы небәрі 6-да екен. 2 ұл, 1 қызбен жесір қалған анасы Сапаркүлге сүйеніш болған Ғани еңбекқор болып өседі. Шымкенттегі педагогикалық институтта оқып жүріп, Бегімкүлмен танысып,үйленеді. 1962 жылы қолына дипломын алған жас маман Шаян ауданына қарасты 22-ші партсъездегі орта мектепке орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Қызметінде абыройлы, жанұяда сыйлы бола білген отағасы өзінің іскерлігімен, біліктілігімен, іздемпаздылығы және еңбекқорлығының арқасында 1968 жылы мектеп директорының орынбасары, 1981 жылы мектеп директоры болып тағайындалады. Ұйымдастырушылық қабілетімен елге танылған Ғани Әбуұлының бастамасымен ауылға жаңа типті 3 қабатты мектеп тұрғызылады.

Елу жыл бір адамның тағдыры екенін ескерсек, білім саласында ширек ғасыр қызмет етіп қана қоймай, шаңырағын шаттыққа толтырып, шайқатпай ұстау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ғани Әбуұлы қызметке де, жанұяға да бүкіл өмірін арнаған бақытты жан. Отбасындағы және қызметтегі тұрақтылықтың тізгінін уысында ұстаған азаматтың адалдығы, табандылығы, шыдамдылығы, сайып келгенде адамдығының айғағы іспеттес. Бар өмірін ұстаздыққа, бала тәрбиесі мен жанұясына арнаған кейіпкеріміз бүгін де бейнетінің зейнетін көріп отыр. Қазір зейнеткер ақсақал немерелері мен шөберелерінің балдай тәтті қылығына тоймай, өмірден көргені мен түйгенін айтып отырудан жалыққан емес. 50 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан ерлі-зайыптының өскелең ұрпақ жастарға да айтары көп екен.

50 жылдан бері жұптары жазылмай, үлгілі отбасы бола білген Ғани қария мен Бегімкүл апа 3 ұл, 2 қыз өсіріп, олардан 17 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар
50 жылдан бері жұптары жазылмай, үлгілі отбасы бола білген Ғани қария мен Бегімкүл апа 3 ұл, 2 қыз өсіріп, олардан 17 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар

– «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген бабаларымыздың нақылы кейінгіге айтқан ақылы десем артық айтқаным емес. Жұп жазбай, бір шаңырақтың астында өмір сүру, ошақтың түтінін түзу түтету, дүниеге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеп өсіру ұлтымыздың бойындағы ұлы қасиеттер. Дегенмен, сүйдім-күйдім деп бүгін үйленіп, қарызданып-қауғаланып ұлан-асыр той жасап, ертеңіне ажырасып жатқандар да бар. Әйтсе де, арамызда өзі қалап алған жарын жанына өмірлік серік еткендер де жоқ емес. Олар жарына адал, берген сертіне берік жандар. Ондай жұптар отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бірінші орынға қояды. Сондықтан да, ондай ерлі-зайыптының тіккен шаңырағы биік, керегесі кең болады. Ұрпағына ұлағат айтып, тәрбие мен өнеге көрсетіп, тамырын терең жаяды,-дейді ақсақал. Осы тұста әңгімемізге қарияның жанында отырған Бегімкүл апа араласты.

Ертеректе қыз ата-анасының ақ батасымен ұзатылатын. Бертін келе жігіттер қызды «алып қашатын» болды. Бүгінде ата-баба салты жаңғырып, ұмыт болып бара жатқан қыз ұзату тойы көбейді. Жастардың бірін-бірі ұнатып, тіл табысып отау тігіп жатқаны жақсы, әрине. Дегенмен, бүгін үйленіп, ертесіне ажырасып жатқандар да жоқ емес. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін қыздарым мен келіндеріме ақ некенің қасиеті, отбасы құндылығы жайлы үнемі айтып отырудан жалыққан емеспін. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Кейде, әйел баласы ашуланып артық сөйлесе, ер-азамат қызбалыққа бой алдырып, әйелін ренжітуі мүмкін. Сол кезде ерлі-зайыптының арасында сызат пайда болады. Міне, осындай келеңсіз жәйттерді алдын алу немесе болдырмау үйдегі әке-шешеге, ата-енеге байланысты. Олар өз перзенттерімен, келіндерімен ашық әңгімелесіп, ойларын сұрап, кеңес беріп отыру керек. Сонда ғана жанұяда тыныштық орнап, ерлі-зайыптының махаббаты да баянды болмақ, – дейді апа.

Бегімкүл апаның аузынан төгілген әрбір сөзі нақыл мен ақылға, сары алтындай сабырға толы. Жүзінен нұр төгілген, апаның қолы ашық, қонақжай, ішкі жандүниесі рухани бай екенін аңғардық. Ендеше, жарты ғасыр жұптары жазылмай келе жатқан Ғани қария мен Бегімкүл апаның шаңырағы шаттықа тола берсін. Дендері сау, аспандары ашық болсын дегіміз келеді. Алла тағы да ширек ғасыр жұп жазбауға нәсіп етсін.

Бұзылмады адамдықтың қалыбы,

Пейілдердің кәусарына жарыды.

Келе жатыр қол ұстасып елу жыл,

Сөнбесін деп Ақ отаудың жарығы.

Маңайына нұрын шашқан шарапаты мол мәуелі шаңырақтың сәулесі жарқырай берері сөзсіз.

Осындай озық дәстүріміз бен салтымыз жастарға жұғысты болғай деп тіледік.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ